Қала салуда халықтың пікірі ескерілмейді - Өскенбаев

27 Қаңтар 2022, 12:55
1930
Бөлісу:
Қала салуда халықтың пікірі ескерілмейді - Өскенбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, "Берекелі бастама" порталын іске қосады. Онда әр азамат өз қаласының инфрақұрылымын жақсарту туралы ұсыныстар айтып, өзекті бастамаларға дауыс бере алады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қалалардың тұрақты өсуі қала кеңістігін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін, қала құрылысы регламенттерін нақты сақтауды талап етеді. Бірақ қазіргі уақытта елімізде қалалардың даму перспективалары мен жұртшылықтың пікірі ескерілмей, ретсіз салынуда.

Мысалы, Алматы тұрғындары құмырысқа илеуі сияқты тым көп адам тұратын үйлерге, елорда тұрғындары демалыс орындары мен әлеуметтік нысандар салмай, ғимаратар өте тығыз бой көтеріп жатқанына шағымданады. Қазір урабанистер мен қала тұрғындарының пікірлерін ескере отырып, қалаларда өзгеріс жасау - өте маңызды. Әр азамат өз қаласын дамытуға қатыса алуы үшін халық пен мемлекет арасындағы диалогқа баса назар аударуымыз керек. Дәл осы мақсатта Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, «Берекелі бастама» дауыс беру порталын іске қосамыз,- деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Қайырбек Өскенбаев порталда қаланың әр тұрғыны инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар бере алатынын айтты. Барлық жобаларды урбанистер ғылыми тұрғыдан зерттеп, содан кейін үздіктері дауыс беру порталында жарияланады. Оның қорытындылары бойынша қаржыландыру және іске асырудағы басымдықтар айқындалады.

Өзгелердің жаңалығы