Германияның Билефельд қаласында белгісіз ер адам мейрамхана алдында бірнеше адамға пышақпен шабуыл жасап, бес адамды жарақаттады. Оқыс оқиға 18 мамыр күні таңғы сағат 04:20 шамасында орын алған, деп хабарлайды BAQ.KZ Bild басылымына сілтеме жасап.
Қанды оқиға қаланың Cutie бары маңында орын алған. Зардап шеккен бес адамның екеуінің жағдайы ауыр, дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр.
Қазіргі таңда полиция күдіктіні іздестіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы тергеу тобы құрылған. Оқиғаның нақты себептері әзірге анықталған жоқ.
Айта кетейік, бұл — соңғы күндері тіркелген екінші осындай шабуыл. Бұған дейін, 16 мамырда Иерусалимде ер адам полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған еді. Құқық қорғау қызметкері жарақат алған, ал шабуылдаушы сол жерде көз жұмды.