Пуэрто-Рикода қатты құрғақшылыққа байланысты жүздеген мың тұрғынның үйлеріне су беру уақытша шектелді.
ВВС-дің хабарлауынша, АҚШ аумағындағы аралдың көптеген елді мекендерінде тұрғындар екі тәулікке дейін сусыз қалуы мүмкін. Билік аумақтарды екі топқа бөліп, суды кезекпен 48 сағатқа өшіру режимін енгізді. Шектеудің нақты қашан алынатыны әзірге белгісіз.
АҚШ-тың құрғақшылықты бақылау қызметінің мәліметінше, Пуэрто-Риконың басым бөлігінде орташа және қатты құрғақшылық байқалады. Шілде айы арал тарихындағы ең құрғақ кезеңдердің бірі болды. Қазіргі таңда аумақтың 68 пайызы құрғақшылықтан зардап шегіп отыр.
Үкіметтің мәліметінше, су беру шектеуі шамамен 180 мың нысанға әсер етеді. Тұрғындарға су цистерналар арқылы жеткізілуде.
Су тапшылығын аралдағы ескірген инфрақұрылым да ушықтырып отыр. Пуэрто-Рико су басқармасының мәліметінше, өндірілген судың шамамен 65 пайызы құбырлардың тозуы мен ағып кету салдарынан жоғалады немесе есепке алынбайды.
Билік қазіргі су тапшылығын Каррайсо су қоймасындағы су деңгейінің төмендеуімен және жауын-шашынның аздығымен байланыстырады. Сарапшылар су қоймаларындағы шөгінділердің көптігі де жағдайды күрделендіріп отырғанын айтады.
Пуэрто-Рико бұған дейін 2015 және 2020 жылдары да су тапшылығына байланысты осындай шектеулер енгізген.
Арал билігі жағдайдың күрделі екенін айтып, тұрғындарды су қорын үнемдеуге шақырды.