Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы жаңа орталықта психоневрологиялық ауруға шалдыққан 83 адам қызмет алуда. Бұған дейін өңірде орын тапшылығынан сарыла кезегін күткен азаматтар қазір түрлі терапия арқылы ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Психикалық ауытқуы бар ересек науқастарға арналған орталық өңірде жалғыз еді. Махамбет ауданы Сарайшық ауылында орналасқан. Онда 300 адам тұрақты қызмет алатын. Нысан көмекке зәру тұрғынға лық толы болды. Сол уақытта облыс бойынша 150 адам кезегін күтті. Ондай науқастарды үйде бақылау көп жағдайда мүмкін емес. Сол себепті жақындары арнайы орталыққа өткізгенді жөн көреді. Құлсары қаласындағы жаңа ғимарат қолданысқа берілгелі мәселе шешілді. Қазір мекемеде 83 ересек ем қабылдап жатыр. Науқастарға музыка, дене шынықтыру мен еңбек терапиясы сабақтары да өткізіледі.
.jpeg)
Қызмет алушылар облыстық басқармаға қарасты №1, №3, №4 орталықтардан және кезекте тұрған қала, аудан тұрғындарынан келіп түсті. Орталық 156 орынға арналған. Ғимарат 3 қабаттан тұрады. Оның ішінде 6 блок қызмет алушыларға арналған. Әр блокта 26 қызмет алушыдан, әр бөлмеде 4 адамнан жатады және әр блоктың асханасы бөлек орналасқан. Ғимараттың 3-қабатында акт залы, физиотерапия, массаж бөлмесі бар. 2-қабатында әкімшілік бөлімі орналасқан. Орталықтың ауласында монша, кір жуу орындары, жылу қазандығы, дене жаттықтыру, футбол, баскетбол ойнау алаңдары бар, - дейді орталық директоры Айман Күзембаева.
Айта кетсек, Құлсары қаласы мен Сарайшық ауылындағы орталықтардан бөлек, қалада психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған орталық та жұмыс істеп тұр. Ал облыс бойынша барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар саны – 25 423.