Әлеуметтік желілерде Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен оның анасын сынап-мінегендер көбейген. Жалпы, бәрі неден басталды? Мамасының баласы деген кім және олардың қандай белгілері бар? BAQ.KZ тілшісі елімізге танымал психологтардың пікірін білді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Хейт қалай басталды?
Соңғы аптада Париж Олимпиадасының чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов сынға қалды. Оған себеп - көбіне іс-шараларда анасымен бірге жүруі. Танымал коуч Роза Әшірбаева Елдос Сметовтің анасымен түскен суретін жариялап, қазақ жігіттері мен ата-аналарына тиісті. Ол бұл туралы желідегі парақшасында жазды.
Неге қазақ жігіттері жұбымен жүрмейді? Қолына баласын алып алады. Жан-жағында ата-анасы. Әйелі сонша баланы туып, оны күтіп-батап, жанында мотиватор болып отырған жоқ па/ Ата-аналар біліңдер, бала — қонақ. Қорықпа балам, мамаң келеді қасыңда. Батыл қыздарға емес, "бөпе" жігіттерге күлу керек, – деді Роза Әшірбаева.
Кейін «ТикТок», «Инстаграм» желілерінде «мамасының баласы» деген әндер қойылып, Елдосқа қарсы хейт тарады. Адамдары екіге жарылды. Бірі Елдос Сметовтің анасымен жүргенін құп көрсе, енді бірі түбегейлі қарсы болды.
Көпшілік тарапынан «Неге жолдасымен бірге шықпайды?», «Мамасының баласы ғой», «Неге әкесімен бірге шықпайды?», «Әйеліне көңіл бөлмей ме?» деген сөздер айтылды. Әрине, оларға қарсы «Қыздар неге ренжіп жүрі?», «Анасын төбесіне көтеріп шықса да жарасады» деп жазғандар болды.
Елімізге танымал психолог, Психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова Елдос Сметов пен анасын сынға алғандар туралы былай деді.
Біріншіден, психологияда «маменькин сыночек» деген ұғым бар. Бұл - эмоциялық тұрғыдан өспей қалған, анасының сөзі мен ықпалынан шыға алмай қалған тәуелді еркектер. Ал, Елдос Сметовтің жайына келер болсақ, бұл жерде қоғамның саналы әрі бейсаналы түрдегі көреалмаушылығын көреміз. Олар өздері Олимпиада чемпионы емес, белгілі бір дәрежеде топ жармаған адамдар. Сондықтанда әйтеуір Елдостан кемшілік табуға тырысып бақты. Көріп отырғанымыз, қазір бір жарасын тапқандай болып, тырмалап жатыр. Мұндай жағдайда Елдос ештеңеге қарамай тек алға жүруге тиіс. Әрине, бұл отбасының тарихын маман ретінде жақсы білмеймін. Дегенмен тіпті Елдос анасына тәуелді болғанның өзінде, дәл бүгінгі таңда қазақтың намысын қорғап, ұлтымыздың қуанышын көбейткен жоқ па? Неге соған акцент қоймаймыз деген сұрақ келеді. Бәлкім анасы қасында жүрсе оған рухани жылулық беретін шығар немесе оның бойтұмары болар. Егер анасы қасында болса, өзін жақсы сезініп, жеңімпаз атанып жүрген шығар, бәлкім тіпті тәуелсіз болар. Егер сынағымыз келсе, неге нашақор, маскүнем елдостарды сынға алмаймыз?!, - деді Анна Құдиярова.
Сонымен қатар, психолог жалпы адамдардың эмоциялық тәуелділігі неден басталатынын түсіндірді.
Жалпы бүкіл тәуелділіктің түрі эмоциялық тәуелділіктен басталады. Яғни сәби кезден бастау алады. Сондай-ақ нашақорлар, ойынқұмарлар, маскүнемдер шын мәнінде мамасының балалары. Олар сол тәуелді дүниесінен басқа ештеңені ойламайды. Ал, Елдос қазақтың намысын қорғап, шыңнан шыңға жетіп жүрген азамат. Қазіргі таңда біз оны қолдауымыз керек, - деді Құдиярова.
Психолог Серікгүл Сәлидің сөзінше, Сметовті сынауға ешкімнің қақысы жоқ.
Негізі (Елдос Сметовті) бұлай сынауға ешкімнің қақысы жоқ. Ол өзінің спорт саласында Олимпиада шыңын бағындырды. Мұндай әлемдік додада алтын иелену деген екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Сондықтан қазір Сметовті тек батыр деуіміз керек. Екіншіден, Елдос көп жыл бойы Олипиадаға дайындалды. Балалық шағын спортқа арнап, түрлі сынақтан өтті. Оны сол кезде көп жағдайда ата-анасы қолдап келді. Оның ішінде анасының алатын орны ерекше дер едім. Анасы баласының тәрбиесіне қарап, спортқа баулыды. Бала күнінен мықты рух пен жігер берді. Ана үшін де спортшының орны ерекше. Өйткені үміт артқан баласын жеңімпаз атанып отыр. Жалпы, бұл ана мен баланың ортасындағы махаббат. Ол терең әрі берік болатынын әрбір адам біледі. Сол себепті жөнсіз сынап-мінеуге ешқайсымыздың қақымыз жоқ. Қазіргі таңда Елдос Сметовке қалай жүрсе де жарасады. Себебі, ол шығар шыңына шықты. Ал, оны сынап отырғандардың сөзі - бос сөз, құр әңгіме. Меніңше, мамасының баласы деп айтып отырған адамдардың өздерінде проблема бар. Мәселен, егер қыздар айтса, күйеулеріне айтпай іштерінде қалғанын жазуы мүмкін. Бәлкім анасына мүлдем жақын емес азаматтар сөз қылуы мүмкін. Ал, кім ана мен баланың арасындағы мақтаныш пен махаббатты түсінеді, ол азаматтар кемшілік іздеп жатқан жоқ, - дейді маман.
Сондай-ақ Серікгүл Сәли «кез келген табысты еркектің артында әйел тұрады» деген сөздің астарын түсіндірді.
Елдосты әйелі тәрбиелеген жоқ, анасы тәрбиеледі. Кез келген табысты еркектің артында әйел тұрады деген сөз бар. Бірақ бұл жерде еркектің жары тұр деген сөз емес, анасы тұрады деген мағынада. Өйткені бірінші кезекте, ер адам тәрбиені анасынан алады. Сондықтан күйеуіңді тәрбиелеп емес, ұлыңды тәрбиелеп ер азамат шығара аласың, - деді ол.
Психологтың айтуынша, қоғамда мамасының балалары жоқ емес, баршылық. Олардың бойында жауапкершілік болмайды дейді маман.
Иә, кейбір жағдайда анасының баласы деген сын орынды болады. Ондай жігіттердің ешқандай жауапкершілігі жоқ, ел алдында жасаған еңбектері болмайды. Олар өзін де, отбасында асырай алмайды. Қандайда қиын жағдай басына түссе, ата-анасына жүгінеді. Тіпті солардың айлығына да күн көруден тайынбайды. Елдосқа айтылған сөз еркектің қасиеті жоқ азаматтарға қарата айтылған. Елімізде ондай азаматтар баршылық, бірақ Елдос қалай десеңізде ол азаматтардың тобына жатпайды. Себебі, Олимпиаданы бағындыру - өте үлкен жауапкершілік. Ал, анасының сөзінен шықпайтын азаматтарда ондай жауапкершілік болмайды, - деді Серікгүл Сәли.