Прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттеліп отыр - Әшімбаев

3 Қараша 2022, 20:19
1195
Бөлісу:
Прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттеліп отыр - Әшімбаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Парламент жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі, деп жазды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенат отырысында бірқатар конституциялық заң қабылданып, маңызды құқықтық нормалар Конституцияның жаңа ережелерімен сәйкестендірілді.

Нақты айтқанда, Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың аралас үлгісін енгізуге құқықтық негіз пайда болды. Қабылданған нормалар әкімдерді сайлау жүйесін аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда кезең-кезеңімен қолдану мәселелерін де қамтиды. Заңда Сенат пен Мәжілістің заң шығару процесіндегі функцияларға қатысты жаңа нормалар да бар. «Конституциялық Сот туралы» конституциялық заң азаматтардың құқықтарын қорғау институттарын және конституциялық бақылауды күшейтуге арналған. Алдағы уақытта Конституциялық сот азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына қатысты өтініштерді қарайды. Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы беріліп отыр, - деп жазды ол.

«Прокуратура туралы» конституциялық заң арқылы Прокуратураның негізгі мақсаттары адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, ел аумағында заңдылықты қамтамасыз ету болып айқындалды. 

Осылайша прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттеліп отыр. «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заңда Уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыру мәселелері белгіленді. Омбудсмен институтын нығайту Президентіміздің бастамасымен құқықтық, демократиялық, әлеуметтік мемлекет құру үшін қолға алынған саяси реформалардың маңызды бағыты екені сөзсіз. Жалпы, бүгін Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған Конституциялық заңдар және заңнамаларға енгізілген өзгерістер демократиялық процестер мен институттарды дамытуға ықпал ететіні анық. Мұның бәрі – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдар. Алдағы уақытта жаңа заңдар ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз, - деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы