Қазақстанда қаржылық ашықтық пен экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуға деген назар күшейіп келеді. Бұл бағыт енді тек бақылау шарасы емес, басқару сапасы мен экономикаға деген сенімнің маңызды факторы ретінде қарастырыла бастады. Төлемдер цифрланып, технологиялық схемалар күрделенген шақта, оның ішінде криптоарналар да көбейген кезде, ең бастысы – шығын келтірілгеннен кейін әрекет ететін модельден бас тартып, алдын ала болжайтын, деректерге сүйенетін жүйеге көшу. Мұндай тәсіл адам факторына тәуелділікті де азайтады.
Осы логика Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен кеңесте де айтылды: жасанды интеллект құралдарын енгізу, адал бизнеске артық қысым жасамайтын тәуекелге негізделген бақылау, сондай-ақ ашықтық азаматтардың сеніміне тікелей әсер ететін сезімтал бағыттарға ерекше көңіл бөлу мәселелері көтерілді.
Алдын алуға негізделген тәсіл мен цифрлық талдау басқарудағы қалыпты тәжірибеге қалай айналуы мүмкін, тиімді профилактика үшін қандай шарттар қажет және экономиканы қорғау мен бизнес динамикасының арасындағы тепе-теңдік қай жерде сақталуға тиіс? BAQ.KZ тілшісі осы туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумовамен әңгімелесті.
- "Заң мен тәртіп" қағидаты экономикада қалай жұмыс істеуі керек: жазаның бұлтартпастығы маңызды ма, әлде адал қатысушылар үшін ереженің алдын ала түсінікті болуы маңыздырақ па?
- «Заң мен тәртіп» қағидатының басқарушылық стандарт ретіндегі күші – ол қаржы ағындары мен көлеңкелі схемаларға қарсы іс-қимыл саласында баршаға ортақ, түсінікті әрі міндетті ережелерді қалыптастыра алуында. Бұл жерде белгісіздіктің құны өте жоғары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымындағы оң қадам – бақылауды қысқа мерзімдік реакция ретінде емес, ұзақмерзімді жүйелі шеңбер ретінде айқындауы: бақылау экономика мен азаматтарды қорғауы тиіс, бірақ сонымен қатар еркін шешім қабылдауға, субъективтілікке жол ашпайтын болуы керек. Қоғам үшін бұл – заң алдындағы теңдікке және құқықтардың қорғалуына деген сенім, ал басқару жүйесі үшін – тәртіп, жауапкершілік және шешімдердің тұрақтылығы. Экономикалық тұрғыдан бұл транзакциялық шығындарды азайтады: ереже айқын болған сайын адал бизнес те тыныш жұмыс істейді, ал заңсыз тәжірибелердің «пайдасы» төмендейді.
- ҚМА-дағы кеңесте Президент жасанды интеллектіні енгізуді жеделдетуді тапсырды. Бұл қаржылық мониторинг тәжірибесінде нені өзгертеді: тәуекелді ерте анықтауды ма, әлде шешімдердің сапасы мен дәлелділігін арттыра ма?
- Мұндай жаңғырту мемлекетке адамға бағытталған, сервистік модельге көшуге мүмкіндік береді, ал қаржылық мониторинг саласында бұл әсіресе анық байқалады. Цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект бюрократияны қысқартып, үдерістерді жеделдетіп, адам факторына тәуелділікті азайтады. Соның нәтижесінде шешімдер анағұрлым объективті әрі қайталанатын жүйеге айналады. Ең маңыздысы – Президент дәл осы жерде озып әрекет ету стратегиясын белгілеп отыр: демек, шығын болған соң ғана жауап қату емес, тәуекелдерді алдын ала анықтайтын модельге көшу. Бұл жерде деректер адал операцияларды күмәнді транзакциялардан ажыратуға көмектеседі. Азаматтар үшін бұл – ыңғайлы, жылдам әрі ашық рәсімдер, ал институттар үшін – тиімділік пен шешім сапасының артуы, демек қоғам сенімінің күшеюі.
- Экономикалық құқық бұзушылықтардың профилактикасы реакциядан алдын алуға көшу дегенді білдіреді. Профилактика формальдылыққа айналып кетпей, нақты нәтиже беруі үшін қандай басқарушылық шарттар қажет?
- Бұл сигнал цифрлық шешімдерді сан жағынан көбейтуден гөрі, олардың нақты тиімділігі мен практикалық пайдасын бағалауға көшу керектігін көрсетеді. Қазақстанның осы бағыттағы саясаты пісіп-жетілген деуге болады: цифрлық қабатты үсті-үстіне көбейту емес, қайталанатын жүйелерді жойып, нақты басқарылатын нәтиже беретін біртұтас архитектура құру маңызды. Біріздендіру қайталанатын функцияларды қысқартады, үдерістердің басқарылуын арттырады, бюджет қаржысын да ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Қаржылық мониторингте бұл аналитика сапасын өсіреді: деректер бір-бірімен сәйкестендіріліп, «тігілген» кезде тәуекел дәл анықталады, ал шешімдер болжамды болады. Азаматтар мен бизнес үшін бұл – органдар жұмысының үйлесуі және артық бюрократияның азаюы, ал мемлекет үшін – шығындардың ашықтығы мен нәтижеге деген нақты жауапкершілік.
- ҚМА күн тәртібінде әлеуметтік саладағы қаржылық ағындар бөлек көрсетілді. Неге бұл контур азаматтардың сенімі үшін ең сезімтал бағыт саналады және ол жерде қандай бақылау қағидаттары басым болуға тиіс?
- Мұнда ең бастысы – жүйелі тәсілді енгізу, яғни цифрлық шешімдерді жобалау кезеңінен бастап дербес деректерді қорғауды негізгі талап ретінде қарастыру. Мемлекеттік саясат логикасы бойынша қауіпсіздік цифрландыруды «қуып жететін» нәрсе болмауы керек, керісінше бастапқыдан-ақ соның ішіне кіріктірілуі тиіс. Қол жеткізу құқықтарын нақты регламенттеу, бұзушылық үшін жеке жауапкершілік, қауіпсіздік бойынша тұрақты тексерулер, қызметкерлер мен азаматтардың цифрлық сауатын арттыру қажет. Сонда ғана деректерді қорғау қағаз жүзіндегі формалдылық емес, адам құқықтарының нақты кепілдігіне айналады. Оның үстіне, мұның экономикалық әсері де бар: цифрлық сервистерге сенім артқан сайын олар жиі қолданылады, алаяқтық тәуекелі азаяды, ал мемлекеттік шешімдер қоғамға түсінікті әрі қабылданатын болады.
- Цифрлық мемлекет жағдайында дербес деректерді қорғау институттарға сенімнің бір бөлігіне айналып отыр. Деректер қауіпсіздігі декларация болып қалмай, нақты кепілдік болуы үшін қандай қадамдар маңызды?
- Ең перспективалы жол – технологиялық шешімдер мен профилактиканы қатар қамтитын кешенді тәсіл. Бұл – аналитикалық платформаларды дамыту, алаяқтық схемаларын ерте кезеңде анықтайтын заманауи цифрлық құралдарды қолдану, сондай-ақ ведомствоаралық жүйелі өзара іс-қимыл. Президент белгілеп отырған мәндік акцент те өте маңызды: профилактика “қаһармандық реакциядан” құндырақ, өйткені алдын алған шығын – сақталған ақша, репутация және азамат сенімі. Сонымен қатар халықтың цифрлық сауатын арттыру да аса қажет, себебі ақпараттанған адам көбіне өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Мұндай тәсіл тергеудің тиімділігін арттырып қана қоймай, зардап шеккендердің санын азайтады. Бұл өз кезегінде адамдардың мемлекетке деген сеніміне тікелей әсер етеді.
-ҚМА-дағы кеңесте криптоалаяқтық пен капиталдың заңсыз сыртқа шығарылуы мәселесі де көтерілді. Күмәнді операцияларды бақылауды күшейту мен адал бизнес үшін болжамды ереже қалыптастырудың балансы қай жерде?
- Мұнда жүйелі тәсіл маңызды: операцияларды бақылау мен талдауды толық цифрландыру арқылы тәуекелдерді есепке алудың ашық, басқарылатын әрі өзара байланысқан жүйесін құруға болады. Бұл нақты әрі өзекті деректер арқылы қауіпсіздікті арттырады, ведомстволар арасындағы ақпарат алмасуды жылдамдатады, қателік пен асыра пайдалануға мүмкіндік бермейді. Қазақстанның саясаты бұл тұрғыда қисынды: бақылауды күшейту тәуекелге негізделген болуы тиіс, яғни адал шаруашылық қызметті тұралатып тастамауы керек. Азаматтар мен бизнес үшін бұл – талаптары айқын, рәсімдері жылдам әрі болжамды жүйе. Мұнда мемлекеттің әрекеті көлеңкелі ағындардан экономиканы қорғау ретінде көрінеді. Соңында қоғам мүддесін қорғайтын әрі іскерлік ортаның сапасын жақсартатын заманауи, әділетті тәсіл қалыптасады.
- Әңгімеңізге рахмет!