Профессионалдар. Тергеуші

3 Наурыз 2023, 09:39
2881
Бөлісу:
Профессионалдар. Тергеуші
Фото: ІІМ баспасөз қызметі

Тергеуші қызметі - қызығы мен шыжығы қатар жүретін сала. Осындай жауапты жұмыстың жүгін арқалаған тергеу саласының майталманы, Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы, полиция полковнигі Нұрбол Тасмағамбетов жұмыстың ерекшелігі туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Нұрбол Өтегенұлы, сөзімізді бастамас бұрын алдымен өзіңіз жайлы қысқаша айта кетсеңіз?

- Мен 1976 жылғы 27 сәуірде Көкшетау облысының Рузаевка ауданының Рузаевка ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ғ. Мүсірепов атындағы аудан) дүниеге келдім. Менің әкем мұғалім, анам – балалар дәрігері. Отбасымда төрт бала, үш әпкем және мен. 

- Нұрбол мырза, полицияға қызметке тұру үшін қандай оқу орнын тәмамдадыңыз? Осы салада қызмет етуге өз таңдауыңызбен келдіңіз бе?

- Бала кезімде көп кітап оқыдым, әсіресе маған детективтер ұнайтын. Мектеп кезінен бастап мен тергеуші болып жұмыс істеуді армандадым, күрделі істерді шешіп, нағыз із кесуші болғым келді.

Алайда отбасы жағдайыма байланысты мен 1993 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне «инженер-механик» мамандығы бойынша оқуға түстім, жоғары білім туралы дипломды алғаннан кейін 1998 жылы мерзімді әскери қызметке шақырылдым, оны Семей қаласында өткердім. 

Ішкі істер органдарындағы қызметті 2000 жылы Тергеу изоляторының режим және күзет бөлімінің (Ақмола облысының ҚІІБ ЕЦ 166/23 мекемесі) бақылаушы лауазымынан бастадым, онда үш жыл жұмыс істедім. Кейін тергеу саласына ауыстым. Бала күнгі арманым орындалып, Көкшетау қаласының ІІБ-де анықтаушы болып бастадым.

- Тергеу, анықтау саласындағы жұмысыңыздың ерекшелігі неде? Істі қалай тергейсіздер?

- Тергеуші болып жұмыс істеу туралы өзімнің арманымды ұмытқан жоқпын және 2002 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясының «құқықтану» мамандығын аяқтап, сырттай жоғары заң білімін алдым.

2005 жылдан бастап менің іс жүргізуімде Көкшетау қаласы бойынша жол-көлік оқиғалары туралы барлық қылмыстық іс болды. Осы қылмыстың түрі тергеу үшін ең күрделілердің бірі саналады, себебі ЖКО қасақана жасалмайды және көбінесе ЖКО кімнің кінәсі бойынша болғанын анықтау өте қиын.

Полиция қызметкерлері қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы ғана біліп қоймай, жол жүрісі қағидаларын да білуі қажет, қызметкер автомобиль көлігінің материалдық бөлігі, физика заңдары және т.б. туралы жеткілікті білуі тиіс.

Мен алған инженер-механиктің техникалық білімім қылмыстық құқық бұзушылықтың осы түрінің ерекшелігін түсінуге және заң білімімен бірге ЖКО мән-жайларына дұрыс баға беруге айтарлықтай көмектесті. 

ІІО-дағы барлық кейінгі қызметім қылмыстық құқық бұзушылықтардың осы санатын тергеумен байланысты болды. 

Профессионалдар. Тергеуші

- Қызметке алғаш келген жас маманға бағыт-бағдар беріп, жол нұсқайтын тәлімгер бекітілетіні белгілі. Сіздің тәлімгеріңіз кім болып еді? 

- Мен қызмет өткеру уақытында өз тәжірибелерін бөліскен өз істерінің майталмандарымен жұмыс істедім.

Менің қалыптасуыма қолдау көрсеткен Әлібеков Қуанышбек Сейтжанұлына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Анықтаушы болып тағайындалған кезде ол Көкшетау қаласының ІІБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары болды.

Өңіріміздің тергеу саласындағы барлық қызметкері үшін ол аңыз адам болды. Өз ісінің маманы, біз үшін әрқашан үлгі болды. Әлібеков Қуанышбек маған істерді үлгі бойынша емес, кеңірек қарауға, тіпті кейінірек істі тергеуде маңызды рөл атқарған ұсақ-түйектерге назар аударуға үйретті. 

Полиция қызметкерінің қалыптасуында тәжірибелі тәлімгердің маңызы зор. Осыған байланысты мен өз білімді өзімнің әріптестеріме бөлісуге дайынмын. 

- Қызмет барысы және есте қалған оқиғаларыңызды бөліссеңіз?

- 2013 жылғы мамырда мен ІІМ Тергеу департаментінің Анықтау жұмысын ұйымдастыру басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы лауазымына тағайындалдым, онда басқа функционалдық міндеттермен қатар ІІО аумақтық бөліністерінің жол-көлік қылмыстық құқық бұзушылықтарын тергеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға жауапты болдым. 

Күн сайын маған еліміздің барлық өңірінің қызметкерлері ЖКО тергеу кезінде проблемалар бойынша жүгінеді. Көбінесе бірлескен талқылау кезінде оларды шешудің жолдарын табамыз және іс өзінің логикалық шешімін табады.

ІІМ орталық аппаратының қызметкері бола тұра, мен ЖКО-ны тергеу бойынша қолда бар әдістемелік ұсынымдарды талдап, оларға және өзімнің жеке тәжірибеме сүйене отырып, жұмыста пайдалану үшін барлық аумақтық полиция бөлімшесіне жолданған жаңа әдістемелік ұсынымдар әзірледім.

Жоғарыда айтқанымдай, ЖКО тергеу өзінің ерекшелігі бойынша өте күрделі, әсіресе оқиғаның іздері тіркелмеген кезде, бейнежазбаның немесе қызығушылық танытатын куәлардың болмауы. Осындай жағдайларда тергеу ұзаққа созылады, жәбірленушілердің шағымдарын туындатады.

Менің тәжірибемде елімізге белгілі адамның қатысуымен Қарағанды облысындағы ЖКО туралы іс болды. Оқиға орнын сапалы тексермегендіктен, барлық із тіркелмеген. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс төрт рет тоқтатылды.

Қаза тапқан жаяу жүргіншінің анасының шағымы бойынша тергеу барысын Ішкі істер министрі бақылауға алды, одан әрі тергеу маған тапсырылды.

Мен істі зерделеген кезде менің назарым оқиға орны түсірілген фото-суреттерге түсті, алғашқы қарап-тексеру хаттамасында және ЖКО схемасында тіркелмеген автомобиль дөңгелектерінің көрінер-көрінбес іздері, қан, сұйықтықтың ағуы және ұсақ бөлшектер тіркелген.   

Барлық материалды талдағаннан кейін мен жүргізуші жалған айғақтар беріп отыр және ол жылдамдықты едәуір арттыра отырып, қарсы жолақта соққы жасады деген қорытындыға келдім. 

Оқиғаның шынайы бейнесін анықтау үшін мен автотехник сот сарапшыларын және компьютерлік технологиялар саласындағы сарапшыларды тарта отырып, кешенді сот сараптамасын тағайындадым.

Сараптама менің нұсқамды толық растады, іс сотқа жіберілді және кінәлі жүргізуші жауапқа тартылды. 

Осындай істер көп болды және алған білімімнің арқасында күрделі істерді шешіп, жәбірленушілердің құқықтарын қалпына келтірген сайын терең моральдық түрғыда көңілің жай табады. 

Осындай  сәттер одан әрі жұмыс істеуге жаңа күш пен мотивация береді.

- Тергеу, анықтау саласында біраз тәжірибе жинақтаған кәсіби маман ретінде ішкі істер органына келетін кейінгі буынға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

- Жасыратыны жоқ, тергеушілер мен анықтаушылар шамадан тыс жүктемені бастан кешіреді, әсіресе моральдық тұрғыдан, себебі олардың қолында адамның тағдыры, сондай-ақ жәбірленушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бар.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының қызметкері тұрақты күйзелісті жағдайда болады. Егер ол өзінің эмоцияларына бой алдырса, онда ол міндетті түрде «беріледі» және жұмыс істеуге деген құлшынысы жоғалады. 

Осыған байланысты, жас қызметкерлерге проблемаларға тоқталмай, өз еңбегімізбен қоғамға пайда әкелетінімізді, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтынымызды түсінуге кеңес берер едім. 

- Нұрбол Өтегенұлы, әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы