Профессионалдар: Теміржол саласы маманы

Электромонтерден бөлім басшысына дейін: Жамиля Іргебайдың теміржолдағы 12 жылы

31 Шілде 2026, 17:21
АВТОР
 ©BAQ.KZ/жасанды интеллект 31 Шілде 2026, 17:21
31 Шілде 2026, 17:21
178
Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Пойыздың уақытылы келуі – жолаушы үшін қалыпты жағдай. Бірақ сол қозғалыстың бір сәтке де тоқтамауының артында жүздеген инженердің, энергетиктің, жолшының, байланысшының күнделікті еңбегі жатыр. Олар көпшілікке көріне бермейді. Алайда дәл сол мамандар теміржолдың тамырындай жұмыс істейтін күрделі жүйені тоқтатпай ұстап тұр.

Солардың бірі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалы – «Магистральдық желі дирекциясы» Электрлендіру және энергетика департаментінің электрмен жабдықтау шаруашылығын дамыту және электрлендіру бөлімінің басшысы Жамиля Іргебай.

Фото: Жамиля Іргебайдың жеке мұрағатынан

Бүгінде ол теміржолдың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға арналған ірі инвестициялық жобаларға жауап береді. Бірақ оның кәсіби жолы жайлы әңгіме жоғары қызметтен емес, қарапайым еңбек жолынан басталады.

Теміржол – бала күннен таныс әлем

Жамиля Ақмола өңірінде дүниеге келген. Теміржол оның өміріне кездейсоқ келген жоқ.

Әкесі бүгінде электровоз машинисі болып еңбек етеді. Үйдегі әңгіме де, айналасындағы адамдар да теміржолмен байланысты болды. Бүгінде туған сіңілісі де осы салада қызмет атқарады.

Соған қарамастан мектеп қабырғасында жүргенде ол өзін техникалық маман ретінде емес, көпшілік шараларын ұйымдастыратын адам ретінде елестететін.

Мектепте түрлі іс-шараларға белсенді қатыстым. Бірақ мамандық таңдайтын уақыт келгенде физика мен математиканы ерекше жақсы көретінімді түсіндім. Табиғаттың қалай жұмыс істейтіні, электр энергиясының қалай пайда болатыны мені әрдайым қызықтыратын, – дейді ол.

Бұл таңдауға тағы бір себеп әсер етеді. Марқұм туысының аяқталмай қалған арманы.

Туыс әпкемнің аяқталмай қалған жолын жалғастырғым келді. Сондықтан электроэнергетиканы таңдадым, – деп еске алады кейіпкер.

«Алғашында бәрі қараңғы көрінді…»

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін грантпен тәмамдаған жас маман 2014 жылы Астана электрмен жабдықтау дистанциясына жұмысқа келеді.

Фото: Жамиля Іргебайдың жеке мұрағатынан

Алғашқы күні әлі күнге дейін есінде.

Университетте оқығаның бір басқа, өндірістегі жұмыс мүлде басқа екен. Жұмысқа келгенде бәрі түсініксіз болды. Өзімді қараңғы бөлмеге кіріп кеткендей сезіндім, – дейді Жамиля.

Бірақ дәл сол кезде тәжірибелі теміржолшылар жас маманның қолынан жетектеп, өндірістің қыр-сырын үйретеді.

Менің бағым – өте мықты мамандардың қасында жұмыс істегенім. Қазір олардың көбі зейнетке шықты. Сол кісілерден алған білімім бүгінгі қызметіме негіз болды, – деп айтты маман.

Алғашында ол электромонтер болып электр энергиясының шығынын есептеп, есептегіштердің көрсеткіштерін тіркеді. Кейін өндірістік-техникалық бөлімде жетекші инженер болды.

Бірнеше жылдан кейін оның тәжірибесін бағалаған басшылық орталық аппаратқа шақырады.

Бүгінде Жамиля Іргебай басқаратын бөлім қарапайым бөлім емес.

Мұнда теміржолды электрмен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға арналған инвестициялық жобалар әзірленеді.

Фото: Жамиля Іргебайдың жеке мұрағатынан

Жаңа трансформаторлар, электр қондырғылары, қосалқы станциялар, электрлендіру жобалары – осының бәрі олардың қатысуымен жүзеге асады.

Біздің бөлім инвестициялық бағдарламаларды қалыптастырады. Теміржолдың электрмен жабдықтау жүйесіне қажетті негізгі жабдықтарды сатып алу жұмыстарын ұйымдастырамыз. Бұл – үлкен жауапкершілік, – деп түсіндірді Жамиля Іргебай.

Фото: Жамиля Іргебайдың жеке мұрағатынан

«Теміржол тек ер адамдардың саласы емес»

Жамиля еңбек жолын бастағанда теміржолда әйел адамның қаншалықты өсетінін өзі де білмеген.

Бірақ жылдар өте бұл пікірінің қате екенін түсінген.

Фото: Жамиля Іргебайдың жеке мұрағатынан

Жұмысқа келгеннен кейін көзқарасым толық өзгерді. Теміржолда әйелдердің де өз орны бар екенін көрдім, - дейді ол.

Қазір өзі басқаратын бөлімде әйелдер мен ер адамдар қатар еңбек етеді.

Әйел адам жұмыс істеген жерде тәртіп болады. Ұқыптылық болады. Бастаған істі соңына дейін жеткізу болады. Сондықтан теміржолда әйелдердің орны ерекше деп есептеймін, - деп айтты жас маман.

12 жылда сала қалай өзгерді?

Жамиля Іргебайдың айтуынша, салаға келген соңғы он екі жылында теміржол айтарлықтай жаңарған.

Бұл өзгеріс тек инфрақұрылымнан емес, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайынан да байқалады.

Осы уақыт ішінде жалақының өскенін көрдік. Қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Баспана мәселесін шешуге де көмектесетін бағдарламалар бар.

Жасанды интеллект теміржолға келді

Соңғы жылдары цифрландыру қарқыны ерекше күшейген.

Жасанды интеллект теміржолдағы қауіпсіздікті арттырудың маңызды құралына айналып келеді.

Жасанды интеллект арқылы көптеген қатені алдын ала анықтауға болады. Бұл қауіпсіздікті күшейтіп, тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның мүмкіндігін арттыратын жобалар

Бүгінде елімізде Достық-Мойынты екінші жолы, жаңа теміржол желілері сияқты стратегиялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Жамиля Іргебай мұндай жобалардың маңызы зор екенін айтады.

Қазақстан Қытай мен Еуропаны жалғайтын маңызды транзиттік мемлекет. Теміржол неғұрлым дамыса, жүк тасымалы көбейеді. Бұл – ел экономикасының дамуына қосылатын үлкен үлес, - деп есептейді ол.

Тамыз айының бірінші жексенбісі – Теміржол көлігі қызметкерлері күні қарсаңында Жамиля Іргебайдың еңбек жолы көзге көрінбейтін, бірақ ел экономикасының үздіксіз жұмыс істеуіне үлес қосып жүрген мыңдаған теміржолшының ортақ бейнесін көрсетеді.

Наверх