Профессионалдар. Командир

22 Желтоқсан 2022, 10:18
3638
Бөлісу:
Профессионалдар. Командир

Арғы бергі тарихымызды қозғап қарайтын болса, көк аспанның астында көк Түркінің балалары тас балқытып темір жасаған. Қарудың түр-түрін жасау арқылы айналасына айбатын көрсетіп отырғанына ақбас тарих куә. Көнеден темір рудасы табылған жерлердің бірі – Сарыарқа төріндегі Теміртау қаласы. Заман өзгергенімен, бабалардың темірі мен темір мінезді рухы қалған өңір екеніне біз осы қаладағы 5516 әскери бөлімі себеп, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

5516 әскери бөлімінің командирі подполковник Рауан Омаров әскери бөлім жайында әңгімелеп берген еді. 

Жауынгерлік даярлық немесе командир қандай қасиеттерге ие болу керек?

5516 әскери бөлімі 1992 жылы құрылған болатын. Оның негізгі міндеті – құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Теміртау қаласындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету,  – деп әңгімесін бастады. 

Командирдің айтуынша, Теміртау қаласының қоғамдық қауіпсіздігі мен тәртібін сақтау үшін 150-ден аса сарбаз қызметке шығады. Алдыңғы шақырылым үйлеріне қайтқанда бір шақырылым сарбаздары өздерінің міндеттерін орындайды. Бұл жауынгерлік қызметке қатысты болса, сарбаздардың, жалпы әскери қызметшілердің міндеті ол – жауынгерлік даярлықты нығайту. Бұл – қызметті лайықты деңгейде атқару үшін қажет дүние. Әскери бөлімнің жауынгерлері қару ату, саптық және дене дайындығына көп көңіл бөледі. Бұл үрдіс күнделікті, жүйелі түрде жүріп келеді. Сонымен қатар тәрбие жағы да қамтылған. 

Профессионалдар. Командир

Рауан Сәрсенғалиұлы «Бүгінгі жас буын сарбаздарын басқару үшін командир қандай қасиеттерге ие болу керек?» дейтін сауалға жауап берді. 

Әрбір командир кезінде Бауыржан Момышұлы атамыз айтып өткендей, ең бірінші командирдің өзі тәртіпті болуы керек. Бұл - заманауи ұрпақ сарбаздарын басқару үшін қажет қасиет. Ол жеке құрамға бірінші үлгі болғаны жөн. Командир бірінші болып, қызметіне адал болса, қойылған тапсырмаларды дұрыс әрі уақытылы орындаса, оның қарамағындағы сарбаздар, келісімшарт негіздегі әскери қызметшілер мен офицерлер одан үлгі алу арқылы алға талпынады. Егер командир өз тәртібін түземесе, жауынгерлердің жай-күйіне көңіл бөлмесе, онда сарбаздар мен сержанттардың да солай қызмет атқаруы заңдылық. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей: «Еліміз біреу, ол – Қазақстан, жұртымыз біреу, ол – қазақ елі. Елімізді көзіміздің ағы мен қарасындай қорғау – әр азаматтың борышы». Сол сөзді тыңдап отырып бізде адалынан қызмет атқаруға талпынғанымыз жөн. Барлығымыз атсалысып, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының, «Орталық» өңірлік қолбасшысының тапсырмасын жүзеге асыру арқылы еліміздің қорғаныс қабілетіне өз үлесімізді қосуымыз керек. Осындай талпыныстардың басында командир өзі тұруы тиіс, - деп айтты командир.

Жергілікті билік органдары мен әскери бөлім арасында жылы шырайлы ықпалдастық орнатылған. Бұл бір жағынан ізгі дәстүр болса, екінші жағынан бөлім командирінің дипломатиялық тұстарының белгісі. Өйткені басшы жеке құрам үшін жауапты, әрі бүкіл жауынгердің өкілі. Сондықтан жергілікті халықтың жылы көзқарасы командирдің қажырлы еңбегінің бір парасы. 

Ұлттық ұлан жауынгерлері бірінші болып көмекке келеді

Командирдің айтуынша, сарбаздар мен қала тұрғындары арасында бірлескен мәдени-бұқаралық шаралар көптеп өткізіліп жатыр. Қала әкімі Ораз Тауырбеков, қала депутаты Александр Ломыкин бастаған жергілікті билік өкілдері әскери бөліммен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қала әкімі әскери бөлімге келіп, ұландықтардың тыныс-тіршілігімен танысты. Қала депутаттары әскери бөлімді көгалдандыру бойынша көмек қолын созып жатыр. Сарбаздарды марапаттауға келгенде ешқайсысы шетте қалмайды, керісінше талпынып тұрады. Сол арқылы сарбаздардың қызметі де қолдау тауып жатыр. Қала басшылығы мен тұрғындары сарбаздардың қызметіне түсіністікпен қарайды. Қандай жағдай болмасын, ең алдымен Ұлттық ұлан жауынгерлері бірінші болып көмекке келетінін жіті түсінеді. 

Әскери бөлімде шешілуге тиісті мәселелер бір ізге түсірілген. Тылдық қамтамасыз ету лайықты деңгейде. Қысқа дайындық жұмыстары ойдағыдай өткен. Сол арқылы жауынгерлердің киімі бүтін, тамақтары тоқ, жатын орындары жылы, - дейді 5516 әскери бөлімінің командирі подполковник Рауан Омаров.

Профессионалдар. Командир

Әскери техника толықтай тексерістен өткен. Онымен қоса, жол-көлік апаттарының алдын алу үшін келісімшарт әскери қызметшілерінің жеке көліктері де тексерістен өткізілді. Бұл да жеке құрамға деген қамқорлықтың белгісі. Мұның барлығы командир қалыптастырған жоғары әскери рух пен тапсырмаларды мүлтіксіз орындайтын үлгілі әскери қызметшілердің арқасында қолжетімді болды. Командирдің сөзінде барлық жеке құрам оң қырынан көрініп жүр.

«Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дейтін нақыл бар. Барлық жеке құрам жауынгерлерінде өз мақсаты, армандары бар. Барлығын ерекшелегім келеді. Нақты қазіргі уақытта көзінде оты бар бірінші рота командирі аға лейтенант Мейіржан Дүйсенәлі, взвод командирі лейтенант Бейбарыс Теміржан, аға сержант Ертай Тұрымбетов, аға сержант Нұрсұлтан Құралбаев, аға сержант Наурызәлі Оразымбетов, аға прапорщик Манатбек Хамзаевтер және менің орынбасарларым да осы санаттағы азаматтар. Олар өз ісімен ұжымды алға тартып келеді, – деді әскери бөлім командирі. 

Арман адамды биіктерді бағындыруға қанаттандырады. Жаңа Қазақстанның әділ қоғамын құрып жатқан заманда ісіне адал, қызметіне берік әскери қызметшілер елімізді қорғайтынына кәміл сенеміз. Подполковник Рауан Омаровпен әңгімелесуде осыны анық ұққандай болдық. Теміртаудағы темірдей тәртіпті, жігері мығым, мінезі темір жаңа буын командирлері жүзеге асыратыны сөзсіз. Жанындағыларды жақсылыққа жетелеп, армандарына жету жолында шыңдап келе жатқан командирдің де өз арманы бары түсінікті. Осындай азаматтардың да арманы орындалып, биік белестерді бағындыруға тілектеспіз. «Елім» дейтін ерлеріміз көп болғай!

Өзгелердің жаңалығы