Профессионалдар. Иттер де мінсіз қызметі үшін «сыйақы» күтеді – кинолог

21 Қыркүйек 2022, 14:40
2908
Бөлісу:
Профессионалдар. Иттер де мінсіз қызметі үшін «сыйақы» күтеді – кинолог
PHOTO
Фото: автордан

Құтқарушылардың жұмысын кинологтардың қызметінсіз елестету қиын. Адамдарды ажалдан арашалап қалатын жануарлардың қызметке қалай үйретілетіні туралы облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының кинология бөлімшесінің бас құтқарушысы Азамат Ілиясов айтып берді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшылардың пікірінше, іздестіру-құтқару операциялары кезінде сәттіліктің 70%-ы қоқыс астында немесе орманда жоғалған адамдарды іздейтін төрт аяқты жауынгерлердің көмегіне байланысты. 

Құтқарушы Азамат Ілиясовтың осы қызметте жүргеніне алты жыл. 

Профессионалдар. Иттер де мінсіз қызметі үшін «сыйақы» күтеді – кинолог

Жануарларға деген сүйіспеншілік бала кезімнен пайда болды, жер үйде тұрдық, аулада бірнеше неміс овчаркаларын ұстадық. Әскери қызметімді шекарада кинолог ретінде өткердім. Сондықтан болашақта да осы бағытта еңбек қызметін жалғастыруды шештім. Әріптесіммен бірге Алматыдағы ІІМ Кинологиялық орталығында үш айлық курстан өттік. Онда тек жас мамандар ғана емес, иттер де оқытылды. Жасақта екі кинолог, Гера және Аксель есімді екі бельгиялық овчаркамыз және Арлан атты неміс овчаркасы мен лабрадор Альби бар. Иттер іздеу шараларында жоғалған адамдарды тауып, өздерін жақсы қырынан көрсетті, – дейді құтқарушы.

Оның айтуынша, адамдар сияқты иттердің өзіндік сипаты, әртүрлі мінез-құлқы бар, олар сангвиник, холерик, флегматик адамдарды оңай ажыратады. Жай уақытта төрт аяқты жауынгерлер ойнақы немесе сабырлы бола алады. Бірақ олар командирдің бұйрығын естіп, қызметтік белбеу кигізгенде, бірден байсалды қалыпқа түсіп, тапсырманы жауапкершілікпен орындауға дайын болады. Қызметтік иттер 5 мыңға дейін иістерді есте сақтайды және мамандануы бойынша ерекшеленеді, кейбіреулері адамдарды іздейді, ал басқалары қоқыс немесе қар астында жоғалған құрбандарды табады.

Профессионалдар. Иттер де мінсіз қызметі үшін «сыйақы» күтеді – кинолог

Жасаққа құтқарушылар ретінде оқытылған кәсіби кинологтар қабылданады. Иттердің барлығы бірдей қызмет ете алмайды. Бұйрыққа бағынғыш, батыл, ұғымталдық және жақсы физикалық мәліметтерге ие болуы керек, шыдамдылық, күш пен ептілік қажет етіледі. Менің қарамағымдағы неміс овчаркасы жасаққа ең алғаш келгендердің бірі. Ол қазірдің өзінде 7,5 жаста. Арлан бірнеше рет іздеу жұмыстарына қатысты, ол басқаларға қарағанда тәжірибелі. Қызмет уақытында сенімді көмекші, ал жұмыстан кейін мейірімді жануар, онымен бірге серуендегенді жақсы көреді, – дейді Азамат Ілиясов.

Ол атап өткендей, құтқару жасағының негізгі бағыты – адамдарды табиғи және техногендік ортада іздеу. 

Кейде орманда немесе далада адасқандарды іздейміз, көбінесе шопандарды, саңырауқұлақ терушілерді, туристерді іздеуге тура келеді. Құтқарушылардың іс-қимыл алгоритмі бар. Адам жоғалып кетті деген ақпарат келгенде, біз деректерді жинай бастаймыз, рельефті зерттейміз, іздеу радиусын тексереміз және иттерді осыған бағыттаймыз, ауданы 200 метр болатын шаршы секторды зерттейміз. Жерде төртаяқтылар жоғары және төменгі инстинкттер арқылы жел мен иістерді басшылыққа алады. Егер олар адамды тапса, үріп белгі бере бастайды. Осылайша біздің назарымызды аударады және мінсіз қызметі үшін міндетті түрде «сыйақы» күтеді, – дейді құтқарушы.

Азамат Абайұлы барлық иттерді жаттықтыру керек деп санайды, тек мүмкіндігінше ертерек, шамамен 2 айлығынан бастау керек. Күшік кезінен байланыс орнатылса адамға тез үйренеді. Әрі кейін иесіне қатты бауыр басады.

Бізде аптасына екі рет оқу-жаттығу сабақтары өтеді. Құтқарушы әріптестерімізді орманда, ағаштарда жасырамыз, бұталарға көміп тастаймыз және практикалық дағдыларды пысықтау үшін оларды иттермен іздеуге шығамыз. Айталық, қаладағы бұрынғы фарфор зауытының аумағындағы қоқыс астында техногендік ортада іздейміз. Онда адамдарды үйілген кірпіштердің астына жасырамыз. Сонымен қатар, физикалық жағынан дайын болуы үшін олармен күн сайын жүгіреміз, жаттығулар жасаймыз. Адамдармен байланыс жасау үшін қала көшелерінде бірге алып жүреміз, – деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, әдетте жануарларды жаттықтыру кезінде рефлекстер іске қосылады, тіпті күшік кезінде итке бір нәрсені иіскетіп, адамды табу керек деген тапсырма беріледі. Оны сәтті орындаған кезде тамақ беріледі. Ол автоматты түрде адамның мейірімді екенін және оны тамақтандыратынын немесе ойнататынын біледі.

Менің қарамағымдағы иттер өзімді және серіктесімді тыңдайды. Өйткені олар бізді жиі көреді. Басқа кинологтардың тапсырмаларын әбден үйренгенше тыңдамайды, олар жұмыс істеуі үшін белгілі бір уақыт қажет. Иттің жақсы күйде болуы үшін Министрлікте бекітілген арнайы әзірленген диета қолданылады, жануарлар аш болмауы және артық тамақтанбауы қажет. Біз сондай-ақ олар үшін ботқа дайындаймыз, шикі ет береміз. Қызметтік иттерді өзіміз тамақтандырамыз және оларға үнемі қамқорлық танытамыз, – дейді Азамат Абайұлы.

Ол атап өткендей, көп жағдайда арнайы жасақ құтқарушылардың іздеуі нәтижесіз болған кезде жіберіледі.

Профессионалдар. Иттер де мінсіз қызметі үшін «сыйақы» күтеді – кинолог

Жоғалған немесе өлген адамның мәйітін тапқан жағдайлар көп. Кейде сүңгуірлер тобы бізбен бірге шығады. Олар суда жұмыс істейді, біз иттердің көмегімен рельефті айналып өтеміз. Қызметтік иттер үлкен аумақтарды аралай алады, бұл құтқарушылардың жұмысын жеңілдетеді. Ит аумақта ешкім жоқ екені жөнінде белгі бергенде құтқарушылар іздеуді тоқтатады. Қолайлы ауа-райында иттер 700 метр қашықтықта адамның иісін сезе алады, – деп түсіндірді құтқарушы.

Төрт аяқты құтқарушылар жыл сайын ТЖМ жүйесі бойынша міндетті аттестаттаудан өтеді, оның қорытындысы бойынша иттер іздестіру қызметіне жіберіледі. Тестілеуге жаттығулар кешенін орындау және кинологтың командаларын ұстану, орманда және техногендік қоқыста адамдарды іздеу кіреді.

Төрт аяқты көмекшілердің шектеулі жасы шамамен 8 жыл, әрине, денсаулығына байланысты. Әдетте кинологтар иттерді өздеріне қалдырады, бейтаныс адамдарға беруге жол бермейді. Бірге жұмыс істегесін өзіңіздің адал көмекшіңізге айналады, ол үшін жауапты екеніңізді сезінесіз, – деп түйіндеді Азамат Ілиясов.

Өзгелердің жаңалығы