Профессионалдар. Бутафор

24 Ақпан 2019, 11:02
5057
Бөлісу:
Профессионалдар. Бутафор

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрының суретші-бутафоры Нұрбадреддин Бегімбет спектакльде қолданатын керек-жарақты дайындап қана қоймай, сахнаны да безендіреді.

Спектакльдың көрерменнің жүрегінен орын алып, көңілінен шығуы үшін режиссер мен театр әртістері ғана тер төкпейді. Шымылдық сыртында уақытпен санаспай, көз майын тамызып, еңбек ететін шеберлер бар. Солардың бірі – суретші-бутафор Нұрбадреддин Бегімбет. Сыр өңірі театрының қарашаңырағында бутафория саласының маманы болып қызмет етіп келе жатқанына отыз жылға жуықтаған. Ол қойылымдағы кейіпкерлердің киетін киімдерін, пайдаланатын құралдарын асқан шеберлікпен дайындайды. Сахнаның әсем безендірілуіне де жауапкершілікпен қарайды.

«Бутафория туралы көп адам біле бермейді. Суретке, қолөнерге бейім адамдар ғана бұл бағытты таңдайды. Мен жастайымнан бейнелеу өнеріне қызыққанмын. Сөйтіп, Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет училищесінен бутафор-суретші мамандығын алып шықтым. 1991 жылдан бастап Қызылордадағы облыстық театрда қызмет етіп келемін. Әрбір жаңа қойылымға ыждағатпен дайындаламыз. Кейіпкерлердің киетін киімі, спектакльде қолданатын жасанды бұйымдары мен құралдары, мысалға, қару-жарақтары, сауыт-саймандары, әшекей бұйымдары, тамақтары, жеміс-жидектері, жиһаздар, ыдыс-аяқ спектакльдың мазмұны мен образына сай болуы қажет. Заттардың сырты түпнұсқаға ұқсас, пайдалануға қолайлы болғаны дұрыс. Мұның бәрі көрерменнің сахнадағы әлемге еніп кетуі үшін жасалады. Осы дүниелердің әрбіреуін ұқыптылықпен жасап шығу – біздің міндетімізге кіреді», – дейді Нұрбадреддин Бегімбет.

Суретші-бутафордың шеберханасы өзі айтқан түрлі құрал мен кескіндемеге лық толы. Оның айтуынша, бутафориялық бұйымдарды дайындауға төзім керек. Жасалған көркем, кішкентай дүние де сахна мен спектакльдың ажарын аша түседі.

«Мысалға, «Ұйқыдағы ару» қойылымына жасаған дүниенің бірі – қырғауыл еті, яғни бай-патшаның жейтін асы. Олар анау-мынау тамақты жемейді. Сол себепті, көрермен сену үшін сол затты ұқсатуға тырыстым. Бұл бұйым санаулы-ақ минутқа сахнаға шығарылады. Көрдіңіз бе, біз үш-төрт минуттық сәттің әдемілігіне де еңбек етеміз. Біздің мамандықтың ерекшелігі осында», – дейді бутафор маман.

Саналы ғұмырын көркем өнерге арнаған Н.Бегімбет бүгінде елуді еңсерген. Сонымен бірге, театр жанынан ашылған «Нартай бүлдіршіндері» қуыршақ тобының пьесаларын сахнасын көркемдеу де осы суретші-бутафордың міндеті. Ол балғындардың көңілінен шығар бұйымдарды дүниелерді бес саусақтай біледі.

«Бізге театр басшылығы қолдау білдіреді. Жұмыс істеуге қолайлы жағдай туғызуға тырысады. Дегенмен, кадр тапшылығының кері әсері бар. Өйткені, бір спектакль үшін жасалатын бұйымдар көп. Кейде оның бәріне бір бутафор үлгере алмай жатады. Басқа аймақтардағы театрларда жоқ дегенде екі бутафор-суретші жұмыс істейді. Келешекте бутафорлардың қатары артса деген тілек бар», – дейді Нұрбадреддин Бегімбет.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темірдің айтуынша, Н. Бегімбеттің кәсіби деңгейі жоғары.

«Оның жасап жатқан дүниелерінің бәрі сахнаға лайықты. Қателіктер болады, бірақ жөндеуге қабілеті жетеді. Біз көптеген бутафорлармен жұмыс істедік. Солардың ішінде өзінің орны ерек маман», – дейді режиссер Хұсейн Әмір-Темір.


Ибраш Әли

Фото: автор

Өзгелердің жаңалығы