Проблема бар. Астана әкімі су мәселесі қашан шешілетінін айтты

6 Маусым 2023, 21:33
949
Бөлісу:
Проблема бар. Астана әкімі су мәселесі қашан шешілетінін айтты
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында су қысымы мәселесіне қатысты тұрғындарға үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрметті Астана қаласының тұрғындары! Соңғы уақытта Астана қаласында су тапшылығы мәселесі көтеріліп жатыр. Рас, қаламызда мұндай проблема бар. Қазіргі уақытта тәулігіне 25 мың кубометр су жетіспейді. Қаламыз күн санап өсіп жатыр. Жылына кем дегенде 60-70 мың жаңа тұрғын қосылады, ал соңғы 3 жылдың ішінде қаламызда тұратын азаматтардың саны 200 мың адамға артты, - деді әкім.

Оның айтуынша, тағы бір мәселе – соңғы айда суару жұмысы басталып кетті. 

Өткен аптада болған +30 градустан асатын аптап ыстық осы аптада да жалғасады деп болжанып отыр. Бүгін де өздеріңіз жақсы білесіздер, күн райы +30 градустан асып тұр. Осыдан 2 жыл бұрын әкімдік екі жаңа нысанның құрылысын бастаған. Бірінші нысан – қазір өздеріңіз көріп отырғандай, мынау сорғы станциясы. Бұл нысанның құрылысы осы айдың соңына дейін толығымен бітеді және қалаға қажетті күніне 25 мың кубометр су берілетін болады, - деді ол.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, екінші нысан – су құбыры, яғни Астана су қоймасынан қалаға келетін су құбыры болмақ.

Бұл нысан да аяқталып қалды. Келесі аптада толығымен құрылыс жұмысы бітеді және қалаға қажетті су қысымы берілетін болады. Сонымен, бір айдың ішінде бүгінгі су тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі. Ал тамыз айында бұл станцияның екінші кезеңінің құрылысы бітеді. Тиісінше қалаға күніне қосымша 85 мың кубометр су берілу мүмкіндігі пайда болады. Бұл алдағы 3-4 жылға жеткілікті», – деп жазды елорда әкімі.

Өзгелердің жаңалығы