Халықаралық су ұйымын құру бойынша консультациялар басталды – Президент

Президент биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы нәтижелерді де атады.

Бүгiн 2026, 13:50
АВТОР
 Ақорда Бүгiн 2026, 13:50
Бүгiн 2026, 13:50
97
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев RES 2026 саммиті аясында халықаралық су ұйымын құру мәселесі бойынша консультациялар басталғанын мәлімдеп, экология саласындағы негізгі жетістіктерді атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы су ресурстары саласындағы жаһандық ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өтті.

Былтыр желтоқсан айында Ашхабадта БҰҰ агенттігі ретінде қызмет ететін халықаралық су ұйымын құру туралы ұсыныс жасаған болатынмын. Бүгін осы бастамаға қатысты халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұл бастама қазіргі жағдайда аса өзекті, себебі Біріккен Ұлттар Ұйымы жаһандық басқару тиімділігін арттыру мақсатында өз құрылымдарын қайта қарастыруда.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы нәтижелерге тоқталды.

Биоалуантүрлілікті сақтау - экологиялық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Табанды еңбектің нәтижесінде жойылу қаупі төнген ақбөкендер саны артты. Қазақстандағы қар барысының саны екі есеге көбейіп, 190-ға жетті, - деді ол.

Президенттің айтуынша, халықаралық серіктестермен бірлесіп басқа да сирек жануарларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында сұңқарлар, Тұран жолбарысы және Пржевальский жылқысы бар.

Сондай-ақ орман алқаптарын ұлғайту мәселесіне ерекше назар аударылған.

Соңғы бес жылда бір миллион гектардан астам аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш отырғыздық. Арал теңізінің құрғаған табанында сексеуіл егу жұмыстары жүргізілуде, -деді Президент.

Тоқаев халықаралық серіктестерді биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы бастамаларға қосылуға шақырды.

Барлық серіктестерімізді сирек кездесетін жануарлар мен биоалуантүрлілікті қорғау жөніндегі халықаралық қорға мүше болуға шақырамыз, - деді ол.

Наверх