Президенттің қандай бастамалары жүзеге асты?

1 Қыркүйек 2023, 11:13
504
Бөлісу:
Президенттің қандай бастамалары жүзеге асты?
Фото: Ақорда

Заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Бірқатар жұмыс жалғасып жатыр, - деді Президент.

Тоқаев солардың ішінде халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен шаралар туралы айтты.

Мәселен, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есеге көбейді. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды, - деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы