Президенттік жастар кадр резерві: Келесі кезеңге өткен үміткерлер белгілі болды

5 Қазан 2023, 15:50
578
Бөлісу:
Президенттік жастар кадр резерві: Келесі кезеңге өткен үміткерлер белгілі болды
Фото: BAQ.KZ - Архив

Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтында тестілеудің келесі блогы – «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға» жіберілген үміткерлер тізімі жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

1 қазанда өткен «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне 6 404 үміткер тіркеліп, оның 5 398-і қатысты. Үміткерлер мәтіндік ақпаратты талдау қабілетін анықтау тестінен өтті.

Келесі кезеңге өткен тұлғалардың толық тізімі pkrezerv.gov.kz ресми сайтында қолжетімді.

Іріктеу тәртібіне сәйкес келесі тестілеу – «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға» қатысушылардың жалпы санының 50% жіберіледі. Бірнеше үміткердің нәтижесі бірдей болған жағдайда келесі тестілеу блогына көбірек қатысушылар саны жіберілуі мүмкін.

Осылайша, тестілеудің екінші блогы «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға» ең жақсы нәтиже көрсеткен 2 967 үміткер жіберілді.

Тестілеудің екінші блогы 7 қазанда өтеді. Ол үміткердің кестелер, графикалар және диаграммалар түріндегі сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған 25 тест тапсырмасынан тұрады.

«Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне жіберілген барлық үміткерлер 6 қазан сағат 23:59-ға дейінгі мерзімде (Астана уақыты бойынша) өзінің жеке кабинетінде тест тапсыру уақытын таңдауы қажет.

Өзгелердің жаңалығы