Президенті Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

6 Мамыр 2022, 18:22
1638
Бөлісу:
Президенті Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиынға қатысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеп, сардарлар мен сарбаздарды, ардагерлерді мерекемен құттықтады.

– Осыдан отыз жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Бұл мемлекеттігімізді нығайту жолындағы маңызды қадам болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент егемендік алған кезде әскери әлеуеті мықты армия жасақтауға баса мән бергенімізді, отаншыл әрі кәсіби мамандардың арқасында бұл міндет ойдағыдай атқарылғанын атап өтті.

– Қорғаныс саласындағы негізгі мәселелер дер кезінде шешімін тапты. Осы маңызды жұмысқа еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов өлшеусіз үлес қосты. Оның мол тәжірибесі Қарулы Күштеріміздің негізін қалауға зор септігін тигізді. Бүгінде «Жас ұлан» әскери мектебіне және Құрлық әскерлерінің әскери институтына Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілген, – деді Президент.

Президенті Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

Мемлекет басшысы айбынды армиямыз Тәуелсіздігіміздің қорғаны, Жаңа Қазақстанның тірегі екенін айтып, отаншыл әрі қайсар сарбаздарымыз ел қауіпсіздігін сенімді қорғап тұрғанына тоқталды.

– Олар батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Қазақ үшін елдік пен ерлік – егіз ұғымдар. Батырлық – қанымызға сіңген қасиет. Қазыбек би айтқандай, «Біз – жерімізге жау тимесін деп, найзаға үкі таққан елміз». Ұлы дала ұландары қашанда ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен атамекенін қорғай білген. Алтайдан Атырауға дейінгі кең байтақ жерін ұрпаққа мирас еткен. Біз аманатқа адал болып, еліміздің тұтастығы мен тыныштығын сақтау үшін бәрін жасаймыз. Бұл – Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент еліміздің әскери доктринасы тек қорғанысқа бағытталғанын, ұлттық мүдделерді қорғау мәселесінде дипломатияға сүйенетінімізге ерекше мән берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, біздің сыртқы саясатымыз сындарлы, салмақты, елдің ұлттық мүддесін қорғауға бағытталғандықтан, мемлекеттердің бәрімен достық қарым-қатынас орнатып келеміз.

– Бірақ бұрын-соңды болмаған әлемдік геостратегиялық шиеленіс жағдайында еліміздің қорғаныс қабілетін арттырудың мәні зор. Әскери-техникалық саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту – Қазақстан үшін маңызды. Бітімгерлік қызметінің арқасында Қазақстан армиясы әлемдік деңгейде танылды. 1990 жылдары біз Тәжікстанға алғаш рет бітімгерлік күш жібердік. Қазақстандық әскерилер БҰҰ мен ЕҚЫҰ миссиялары аясында табысты қызмет атқарды. Бүгінде біздің бітімгерлік контингент Ливан мен Батыс Сахарада жүр, – деді Мемлекет басшысы.

Президенті Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

Президенттің пікірінше, мұның бәрі Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қоса алатын сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтады. Сонымен қатар Қарулы Күштерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және техникамен қамтамасыз етуге үлкен мән береміз. Нақты ұрыс қимылдарында тиімділігін дәлелдеген қару үлгілерін сатып аламыз және отандық кәсіпорындарда шығарамыз.

– Бүгінде армиямыз әлемдік стандартқа сай жабдықталған. Сонымен қатар жаңа жаһандық сын-қатерлер Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін арттыру үшін оңтайлы шешімдер іздеуді талап етеді. Сондықтан, менің тапсырмам бойынша жоғары мобильді және гибридті соғыстар жүргізуге қабілетті арнайы операциялық жасақтар құрылды. Әлемдегі соңғы оқиғалардың тәжірибесін ескере отырып, біз әскери іс-қимылдардың стратегиясы мен тактикасын үнемі жетілдіріп отырамыз. Жеке құрам жүйелі түрде жауынгерлік дайындықты пысықтайды, ауқымды оқу-жаттығулар өткізіледі. Болашақ офицерлерді даярлаудың заманауи жүйесі құрылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенті Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

Мемлекет басшысы әскери білім беру саласына арнайы тоқталды. Оның айтуынша, ұл-қыздарымыз республикалық әскери мектептерде Отан қорғау ісін меңгере бастайды және елімізде үздік әскери оқу орындары бар.

– Оның көш басында тұрған Ұлттық қорғаныс университеті қауіпсіздік саласындағы ірі ғылыми орталыққа айналды. Мемлекет әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса назар аударып келеді. Оларға баспана беріледі, басқа да жеңілдіктер ұсынылады, лайықты жалақы төленеді. Жастар үшін әскери борышын өтеу және Қарулы Күштер қатарында келісімшартпен қызмет ету – абыройлы міндет. Шын мәнінде, армия – өмір мектебі ғана емес. Сонымен бірге мақсаты айқын және отаншыл жастардың болашағына жол ашады. Осы орайда, әсіресе, басшылық құрамға зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің Отан алдындағы адал қызметтеріңіз жастарға үлгі-өнеге болып, айрықша ерік-жігер береді, – деді Президент.

Президенті Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңіс қарсаңында Отан қорғаушы күнін тойлаудың символдық мәні зор екенін, Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында өшпес із қалдырғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, соғыс кезінде халқымыз көзсіз ерлік пен қайсарлық көрсетті.

– Республикамызда соғысқа дейінгі жылдары құрылған зауыттар мен соғыс кезінде көшірілген кәсіпорындар армияны қамтамасыз етуде, Жеңісті жақындатуда зор рөл атқарды. Фашистік басқыншылармен шайқаста жанқиярлық ерлік көрсеткені үшін Қазақстаннан шақырылған 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Қан майданда қазақтың арулары да  ерлікпен шайқасты. Қаһарман қыздарымыз Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың аты аңызға айналды. Биыл Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толады. Ол – 300-ден астам әуе жорығын жасаған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әйгілі ұшқышқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бірақ әлі де көптеген отандасымыздың батырлығы лайықты бағаланбай келеді. Сондықтан тарихи әділдік орнату – Отан алдындағы қастерлі міндетіміз, – деді Қазақстан Президенті.     

Президенті Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

Мемлекет басшысы сол себепті, бүгін сұрапыл соғыстағы ерлігі еленбей қалған батырларымызға «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, атақты мергендер Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменов және атқыштар батальонының командирі Александр Несмияновтың есімдерін атап өтті.

– Осы қаһармандарымызға тиісті атақтарын беру – тарихи әділдікті орнату деген сөз. Біз даңқты ерлеріміздің рухына тағзым етеміз. Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің  ерлігін жадымызда жаңғырту – перзенттік парызымыз. Олардың өмір жолы ұрпаққа үлгі-өнеге бола береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзінің соңында жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мейрамымен құттықтап, мерекелік концертті тамашалады.

Өзгелердің жаңалығы