Президент Жолдауы. Өңірлер ипотекалық несиемен қаншалықты қамтылған

23 Тамыз 2024, 18:02
894
Бөлісу:
Президент Жолдауы. Өңірлер ипотекалық несиемен қаншалықты қамтылған
Фото: pixabay.com/ru

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек екенін айтқан еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға аударған жөн - Президент 

«Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн, - деді Тоқаев.

Тоқаевтың Жолдауынан кейін бір жыл өтті. «Отбасы банк» моноқалаларға қаншалықты көңіл бөліп жатыр. Шолу жасап көрейік.

Осы жылдың сәуір айында Өнеркәсіп және Құрылыс министрлігі Қазақстандағы тұрғын үй құрылысын дамыту жөнінде жоспарын жариялады. Министр Қанат Шарлапаевтың сөзінше, 2030 жылға қарай, қаржыландырудың барлық көзі есебінен 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу және 1 млн-нан астам отбасын жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 

ҚР Үкіметінің 2024 жылы экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, тұрғын үй құрылысы көлемі 15,5 шаршы метрден 18 млн шаршы метрге дейін ұлғайды. Биылғы жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 339 млрд теңгеге 22 мыңнан астам арендалық пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, әкімдіктер 110 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы 10 мың кредиттік пәтер салады, - деді министр Шарлапаев.

Еліміздегі жалпы тұрғын үй құрылысын алсақ, соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысына 12 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 78,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Осылайша 695 мың отбасы баспаналы болды.

Қазір әр қазақстандық қаладан ғана емес облыс орталықтарынан, аудандардан, тіпті ауылдардан баспана ала алады. Оларға екінші нарықтағы үйді таңдауға мүмкіндік берілген. Енді әр бағдарламаға тоқталсақ.

«Отау», «Наурыз» - жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар

Биылғы жылдың басында ел Үкіметі қос бағдарламаны бірінен соң бірін іске қосты. Екі бағдарламаның пайыздық мөлшерлемелері ұқсас. Қазіргі нарықтағы бағдарламалардан аталмыш бағдарламаның шарттары едәуір тиімді болып шықты. Мәселен "Наурыз" бағдарламасына тапсыратын адамның 20%-дан бастап алғашқы жарнасы болуға тиіс. Тағы бір жақсы тұсы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 7%-ға тең екен. Ал азаматтардың барлық санаты үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% шамасында. Ал «Отау» бағдарламасында адам қандай категорияға жатса да, барлығына бірыңғай – 9%-дық мөлшерлеме көзделген. Осы бағдарлама бойынша несие 19 жылға дейін беріледі.

Аталған бағдарламаның бір ерекшелігі балдық жүйе болды.

- салым бойынша («Отбасы банкі») сыйақы мөлшері - әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;

- тіркелген некенің болуы - 5 ұпай;

- балалардың болуы - 10 ұпай;

- халықтың әлеуметтік осал топтарының тізімінде болуы - 10 ұпай;

- 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға – 5 ұпай.

Жеңілдетілген ипотека бойынша мегаполистерде алғашқы нарықтағы тұрғын үйді алуға болады. Ал моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде екінші нарықтағы тұрғын үйді қарастыруға болады.

Сәуірден маусымға дейін өтінім қабылданды. Жалпы 38 320 өтінім өңделді. Оның әрбір үшіншісі қатысушылар тізіміне енді. Сөйтіп шілденің ортасында 12 500 қазақстандық "Наурыз" бағдарламасының қатысушысы атанды.

Астаналық Айгүл осы бағдарламаға өткен жандардың бірі. Оның сөзінше, бұл қазіргі кезде баспаналы болуға жақсы мүмкіндік.

«Отбасы банкінде» бұрыннан ашылған шотым бар еді. Жинаған сомам көп болмаса да, бағдарламаға қатысу үшін жеткілікті болды. Өзімді тізімнен көріп қуанышым қойныма сыймады. 7 жыл бойы Астанада пәтер жалдап келдім. Қазір құжаттарымды реттеп жатырмын. Жақында банкке барамын. Себебі бағдарлама қатысушылары 15 шілдеден 14 қыркүйекке дейінгі уақыт аралығында Отбасы банкіне кредиттік өтінім беруі тиіс. Егер несие мақұлданса, онда желтоқсанның ортасына дейін пәтер табуым керек болады, - деді ол.

Жақында "Наурыз" бағдарламасы бойынша тағы да өтінім қабылданатыны белгілі болды. Сондықтан қазақстандықтар алғашқы жарнаны жинақтай бергені жөн. 

Бұл бағдарламалардан бөлек өңірдің жастарын қолдауға арналған жеңілдетілген несиелер де беріліп жатыр.

Абай жастары

Семей қаласы әкімдігі "Отбасы банк" АҚ бірлесіп тамыз айында "Абай жастары" бағдарламасын іске қосады.

Бағдарламаға 18-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Оның ішіне түрлі салада еңбек етіп жүрген жас мамандар мен жас отбасылар кіреді. Құжаттарды қабылдау биыл 20 тамызда басталады. Қатысу шарттары жақын күндері Семей қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланады. 

Ақтөбе жастары

Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетовтің айтуынша, жастарды баспанамен қамту мәселесін шешу үшін биыл өңірде «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасының II кезеңін жүзеге асырылады. Бұл мақсатта жалпы көлемі 1,0 млрд теңге қаржы қарастырылған. Оның 500 млн теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген.

Аталған бағдарлама арқылы жыл соңына дейін 70-тен астам жас отбасының баспаналы болуына мүмкіндік жасағымыз келіп отыр. Бұл жерде негізгі басымдық ауыл жастарын тұрақтандыру және баспанасыз жүрген жұмыссыз жастарға беріледі. Қазір осы мәселе бойынша біз «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасын ұзақ мерзімді жастарға бағытталған бағдарлама ретінде 5 жылдық мерзімде ұйымдастыру, 5 жылға 5 млрд теңге қаржы бөліп, жыл сайын 1 млрд теңгені «Отбасы банк» арқылы іске асыру туралы ұсыныс әзірлеп жатырмыз. Осылайша біз облыс жастарын тұрғын үймен қамтуда негізгі мәселелерді шешеміз, — дейді Ермағанбетов.

Жетісу жастары

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің сөзінше, «Жетісу жастары» бағдарламасы аясында «Отбасы банк» АҚ арқылы 31 пәтер және апаттық үй тұрғындарына 32 пәтер берілді. 

Оған қоса, кезекте тұрған 36 көпбалалы отбасыға коттедж қалашығында үйлер берілді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 1747 отбасы баспана алды, - дейді ол.

Биыл барлығы 2084 пәтер беру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Самұрық-Қазына» қоры 420 пәтерлі 7 тұрғын үйдің құрылысын жалғастырып жатыр. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына пәтер сатып алу үшін бюджеттен биылғы жылға 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Сол бойынша 134 пәтер алынады. Барлық қаржыландыру көздері есебінен 2024 жылға 3,3%-ға өсіммен 154,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сыр жастары

Қызылорда облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1 269 пәтерлік 67 тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. 

Алдағы уақытта бұл көлем тағы да ұлғаймақ. Жыл басынан бері 252 отбасы баспаналы болған еді. Ендігіде «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасымен тағы да 60 шақты жас отбасыға баспана кілті табысталады, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Алматы жастары

"Алматы жастары" жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына өтініштер 29 шілде мен 7 тамыз аралығында қабылданды.

Қатысушының жаңа салынған немесе қолданыстағы тұрғын үй нарығынан үй таңдау мүмкіндігі бар.

Бағдарламаға қамтылатындар саны — 1 200 адам. Бұл ретте несиенің ең жоғары сомасы — 18 млн теңгеге дейін екенін ескерген жөн. Дегенмен сыйақы мөлшерлемесі өте тиімді — 5 пайыз мөлшерінде, ал бастапқы жарнасы — 10 пайыз.

Елорда жастары

Кеше Астана қаласының Тұрғын үй орталығы 2024 жылғы 4 қыркүйектен сағат 9:00-ден бастап 2024 жылғы 10 қыркүйекке сағат 23.59-ға дейін «Елорда Жастары» жеңілдікті кредиттеу бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдаудың басталғанын хабарлады.

Өтінімдерді қабылдау электронды түрде birge.astana.kz. порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама «Отбасы банк» АҚ арқылы елордада бастапқы немесе қайталама нарықта пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама бойынша банк беретін кредиттік қарыздар саны - 75. 

Айта кетейік, аталмыш бағдарламалар тек жоғарыда көрсетілген өңірлерде ғана емес Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Ұлытау және Павлодар облыстарында жұмыс істеп тұр. 

Бұдан бөлек тағы бір жаңашылдық тұрғын үй кезегін енді жергілікті атқарушы органдар жасамайды. Тізім «Отбасы банкі» арқылы реттеледі. Бұл өз кезегінде тұрғын үй кезегінде туындаған мәселелерді реттеуде септігін тигізетіні сөзсіз.

Өзгелердің жаңалығы