Ақтөбе облысында 3350 жас жұмыссыз жүр

24 Маусым 2024, 12:13
385
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 3350 жас жұмыссыз жүр
Фото: автордан

Ақтөбе облысында 3350 жас жұмыссыз ретінде ресми тіркеуде тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетовтің айтуынша, биылғы жылдың І тоқсаны бойынша өңірде жұмыссыздық деңгейі 1,8 пайызды көрсеткен. Бұл көрсеткіш республикалық көрсеткіштен (3,1%) төмен.

Осы орайда биыл облыста «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықтың тұрмысы төмен топтары үшін арнайы әлеуметтік жұмыс орындары ашылған. Соның нәтижесінде 10 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған. Оның ішінде бос жұмыс орындарына – 1608, әлеуметтік жұмыс орындарына – 165, жастар практикасына – 152, қоғамдық жұмыстарға 714 жас тартылған.

Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – NEET санатындағы жастар. Жыл сайын бұл санаттағы адам санын азайту мақсатында мемлекет түрлі бастамаларды қолға алып келеді. NEET жастардың үлесін төмендету бойынша облысымызда бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде олардың үлесі 5,6 пайызға төмендеді. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 266 789 жас болса, оның ішінде «экономикалық белсенді», яғни жұмыс істеуге жасы жеткен жастардың саны — 186 512. Олардың 28 пайызы — қызмет көрсету және кәсіпкерлік, 26 пайызы — денсаулық сақтау және білім, 16 пайызы өндіріс саласында еңбек етіп жүр, — дейді Мирхан Ермағанбетов.

Басқарма басшысының айтуынша қазір облыста жастарды жұмыспен қамтуда «Жасыл ел» жобасы тұрақты және тиімді түрде жүзеге асырылуда. Мәселен, биыл жоба аясында өңірде 1960 жас уақытша маусымдық жұмыспен қамтылатын болады. Оның ішінде 700-і — 16-18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар жасөспірімдер, 200-ге жуығы — құқық қорғау органдарында есепте тұрған жастар.

Биыл еңбек маусымы сәуір айында басталып, қаламыздың санитарлық тазалығы және құрылыс бағыты бойынша алғашқы ауысымда 38 жас жұмыс істеді. Ал мамыр айында 279 жас жұмысқа тартылып, оның ішінде қала бойынша абаттандыру жұмыстарына 133 жас, құрылысқа 35 жас, орман шаруашылығына 100 жас жіберілген. Сондай-ақ Шалқар, Қобда аудандарындағы орман шаруашылығына көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге 11 жас жұмысқа тартылған. Сол сияқты былтыр «Дипломмен — ауылға!» жобасы аясында өңірде 128 маман тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алса, 451 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы берілген. «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша 2095 жас тәжірибеден өтуге жіберілгенмен, соның ішінде тек 32%-ы ғана, яғни, 690 жас бағдарламаны толық мерзімде аяқтаған. Себебі жастар тәжірибесі қатысушыларына берілетін 80 мың теңге көлеміндегі еңбекақы жастардың сұранысын қанағаттандырмайды. Бағдарламаны аяқтаған 690 жастың 364-і (53%-ы) тұрақты жұмысқа орналастырылған.

«Бастау-бизнес» жобасы аясында 2023 жылы кәсіпкерлік негіздеріне 4511 жас оқып, оның 250-і немесе 18%-ы гранттарға қол жеткізген. Жоба нәтижесінде әлеуметтік осал топтан шыққан 200-ге жуық жас тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жастарға арналған 2,5%-дық жеңілдетілген несиені 202 жас алған.

Бүгінде облысымызда «Ауыл аманаты» жобасы аясында 521 жас 2,4 миллиард теңгеге несие алып, жаңа жобаларды жүзеге асырып жатыр. Ал «Zhas Project» жобасы аясында 2023 жылы облыс бойынша 14 жасқа, 2024 жылы қосымша тағы 14 жасқа әлеуметтік жобасын іске асыруға 1 милиион теңгеге дейін шағын грант берілді. Бұдан бөлек Ақтөбе өңірінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грант жобасы жүзеге асырылып, ауыл-аймақта тұратын отыз жасқа 300 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді, — дейді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында жастар арасында волонтерлік қозғалыс жақсы дамып келеді. Былтыр өңірде құрамында 1500-ден астам волонтері бар 94 топ қызмет етсе, қазіргі таңда құрамында 3000-нан астам волонтері бар 164 топ бар. Олардың барлығы «QazVolunteer.kz» волонтерлердің бірыңғай платформасында тіркеуден өткен.

Биыл облыста волонтерлік қозғалысты одан әрі дамыту бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 4,0 млн. теңгеге жобалар жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Мирхан Ермағанбетовтің айтуынша, өңірлерге жасалған талдаулар нәтижесінде еліміз бойынша жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселе Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарында өте өзекті. Жастарды баспанамен қамту мәселесін шешуде биыл өңірде «Ақтөбе жастары» жастарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл мақсатта жалпы көлемі 1,0 млрд. теңге қаржы бөлінген. Оның 500 миллион теңгесін жергілікті бюджет бөлген.

Аталған бағдарлама арқылы жыл соңына дейін 70-тен астам жас отбасының баспаналы болуына мүмкіндік жасағымыз келіп отыр. Бұл жерде негізгі басымдық ауыл жастарын тұрақтандыру және баспанасыз жүрген жұмыссыз жастарға беріледі. Қазір осы мәселе бойынша біз «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасын ұзақ мерзімді жастарға бағытталған бағдарлама ретінде 5 жылдық мерзімде ұйымдастыру, 5 жылға 5 миллиард теңге қаржы бөліп, жыл сайын 1 миллиард теңгені «Отбасы банк» арқылы іске асыру туралы ұсыныс әзірлеп жатырмыз. Осылайша біз облыс жастарын тұрғын үймен қамтуда негізгі мәселелерді шешеміз, — дейді ол.

Оның айтуынша, қазір тұрғын үйден бөлек жастарға сапалы білім мен тәрбие беру ісі де өзекті мәселелердің бірі. Бұл орайда Ақтөбе облысында жаңа жатақханалар мен оқу ғимараттарын салу, жастардың оқуға деген қызығушылығын арттыруда жаңа жобаларды жүзеге асыру, студенттердің шәкіртақысын көтеру, колледж оқушыларына жайлы жағдай жасау өте маңызды.

Бүгінде Ақтөбе облысындағы 4 жоғары оқу орнында 23 мыңнан астам студент білім алады. Жастардың оқуына қолайлы жағдай жасау үшін жоғары және арнаулы оқу орындарында студенттік жатақхана құрылысы проблемасы шешу қажет. Қазіргі таңда облыс орталығында 4748 орындық 12 студенттік жатақхана бар. Дегенмен аталған жатақханалардың жартысы ширек ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Оларға жыл сайын тиісті жөңдеу жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты заманауи талаптарға сай келмей отыр. Бұл өз кезегінде талапкер абитуренттердің өңірдегі жетекші оқу орындарына түсуге деген қызығушылығын азайтуға әкеліп соғатыны анық, — дейді Мирхан Ермағанбетов.

Ақтөбе облысында жастарды қолдау жөніндегі институционалды база жасақталған. Оның ішінде 12 аудандық жастар ресурстық орталығы, 12 аудан әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес, жоғары оқу орындарында 6 және колледждерде 40 жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс істеп тұр. Облыс бойынша жастар ресурстық орталықтарында 107 маман еңбек етуде. Биыл жыл басынан бері аталған орталықтарға 2922 жас түрлі өтініштер жолдаған. Өтініштердің басым бөлігі жұмыспен және баспанамен қамту, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету мәселелеріне қатысты. Осы орайда жаңадан құрылған жастар саясаты мәселелері басқармасы жан-жақты жұмыстанып жатыр. Мәселен, биыл облыс жастары арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында басқарма тарапынан 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған барлығы 30 мыңнан астам жас қатысқан.

Облыстық жастар ресурстық орталығы, «Жас сақшы» волонтерлік тобының мүшелері, құқық қорғау органдары, «Жастар рухы» жастар қанаты және «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы мамандарынан құрылған мониторингтік топ жоғары оқу орындары мен колледж жатақханаларында рейд жұмыстарын жүргізіп, жастармен кездесулер өткізді. Рейдтің мақсаты – студенттер арасындағы құқық бұзушылықтың, маскүнемдіктің және нашақорлықтың алдын алу. Рейдтік жұмыстар әлі күнге дейін тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен қатар жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен облыстық жастар ресурстық орталығы бірлесіп, түзеу мекемелерінде жазасын өтеуші жас сотталғандармен өздерінің келісімі бойынша сұхбат жөніндегі бейнетүсірілім ұйымдастырылды. Сондай-ақ қазір облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында шығармашылық және рухани мүмкіншіліктерді дамытуға бағытталған «PROJECT ЕР.155» жобасын қолға алып отырмыз. Аталмыш жоба аясында әр апта сайын тұрғындар көп шоғырланған аймақтарда кешкі мезгелде жастарға арнап концерт, караоке ұйымдастырады, — дейді басқарма басшысы Мирхан Ермағанбетов.

Айта кету керек, аталған басқарма араға бірнеше жыл салып биыл ақпан айында қайта құрылды.

Өзгелердің жаңалығы