Президент: Жасанды интеллект адам игілігіне қызмет етуі тиіс

Қазақстан жасанды интеллектінің қауіпсіз әрі әділ дамуын қатаң қолдайды.

3 Тамыз 2026, 13:06
АВТОР
 Ақорда 3 Тамыз 2026, 13:06
3 Тамыз 2026, 13:06
137
Фото: Ақорда

Астанада өтіп жатқан Жасанды интеллект бойынша IOAI 2026 халықаралық олимпиадасының ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің дамуы адамзатқа жаңа мүмкіндіктермен қатар үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, адамзат тарихында білім әрдайым адамдарды біріктіріп, жаңа даму кезеңдеріне жетелеп келеді.

Сіздердің білімдеріңіз бен идеяларыңыз медицина, білім беру, қоршаған ортаны қорғау және басқа да өмірлік маңызды салалардағы серпінді шешімдердің негізіне айналуы мүмкін. Әлемді жақсы жағына қарай өзгертуге бағытталған жаңа идеялар мен жобалар дәл осы олимпиадада дүниеге келіп қалар. Сондай-ақ осы олимпиада жасанды интеллект саласын зерттеп жүрген жас ғалымдардың халықаралық қоғамдастығын дамытуға қуатты серпін беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, мұндай халықаралық алаңдар әртүрлі елдерден келген жастардың шығармашылық ынтымақтастығын нығайтып, өзара тәжірибе алмасуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Сонымен қатар ол нейрожелілердің орасан зор әлеуетімен бірге елеулі тәуекелдер де қатар жүретінін атап өтті.

Киберқауіпсіздікке төнетін қатерлер, жалған ақпараттың таралуы және адам құқықтарының, әсіресе балалардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы жоғары жауапкершілік пен ортақ ережелерді талап етеді. Қазақстан жасанды интеллектінің қауіпсіз әрі әділ дамуын қатаң қолдайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық прогресс әрдайым адамдардың игілігіне қызмет етуі тиіс екенін айтты.

Әйтпесе, ол өзінің шынайы мәнін жоғалтады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, олимпиаданың басты құндылығы тек жүлде мен медаль жеңіп алуда емес.

Ең бастысы – бұл бір-біріңізден үйренуге, идея алмасуға, жаңа байланыстар орнатуға және болашақтың сын-қатерлеріне бірге жауап іздеуге берілген бірегей мүмкіндік, – деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы білім алудың маңызын ерекше атап өтті.

Мен әрқашан қарапайым қағиданы қайталап айтып жүремін: өзге адамдардан немесе компаниялардан озық тәжірибені үйрену – ұят емес, өйткені үйренуге ешқашан кеш емес. Нағыз ұят – үйренбеу, дамымай қалу және іске деген қызығушылықты жоғалту. Бүгін Астанада жинаған білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз бен достық қарым-қатынастарыңыз болашақ жетістіктеріңіздің берік негізі болатынына сенімдімін, – деді Президент.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиаданы ұйымдастыруға атсалысқан халықаралық қоғамдастық өкілдеріне, сарапшыларға, мұғалімдерге, тәлімгерлерге және ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Сондай-ақ жастарды қандай жағдайда да ізденісін тоқтатпауға шақырды.

Осы сәтті пайдалана отырып, жастарға ешқашан тоқмейілсімеуді ескерткім келеді. Өйткені тіпті ең қолайлы жағдайдың өзінде де қатерлер мен сын-қатерлер болуы мүмкін. Дегенмен, ешқашан оптимизмді жоғалтпаңыздар. Өйткені ең қиын сәттердің өзінде де мақсатқа жетуге және төніп тұрған қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік бар. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін! – деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, әлемнің ең дарынды жас AI мамандары Астанада бас қосты.

600 мың халқы бар Кабо-Верде арал мемлекеті құрамасы IOAI 2026 олимпиадасына жарты жылға жуық дайындалған. 

Тағы оқи отырыңыз: IOAI 2026: Тоқаев Астанаға жарысқа жиналған оқушыларға сәттілік тіледі 

Тоқаев дарынды жастарды тәрбиелеп жүрген мұғалімдер мен тәлімгерлерге алғыс айтты

Наверх