- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Әлемнің ең дарынды жас AI мамандары Астанада бас қосты: IOAI 2026 олимпиадасы несімен ерекшеленеді?
Әлемнің ең дарынды жас AI мамандары Астанада бас қосты: IOAI 2026 олимпиадасы несімен ерекшеленеді?
Астанада әлемнің 106 елінен келген ең дарынды жас AI мамандары бас қосты. IOAI 2026 неліктен Қазақстан үшін тарихи олимпиада саналады?
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
3 Тамыз 2026, 12:32
Астанада жасанды интеллект бойынша әлемдегі ең беделді оқушылар олимпиадаларының бірі – International Olympiad in Artificial Intelligence (IOAI 2026) басталды. Биылғы дода бұрынғы рекордтардың бәрін жаңартты. Қазақстан алғаш рет әлемнің 100-ден астам елінен келген дарынды мектеп оқушыларын қабылдап отыр. Бұл тек халықаралық жарыс емес, еліміздің жасанды интеллект саласындағы әлеуетін әлемге танытатын маңызды алаңға айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлемнің үздік жасанды интеллект мамандары Қазақстанға жиналды

2-8 тамыз аралығында өтетін IOAI 2026 олимпиадасына 106 ел мен аумақтан 126 ұлттық құрама қатысып жатыр. Олимпиадаға 500-ге жуық мектеп оқушысы, команда жетекшілері, халықаралық сарапшылар, қазылар алқасы мүшелері мен құрметті қонақтарды қосқанда мыңға жуық адам келген.

Биылғы жарыстың ерекшелігі – халықаралық қызығушылықтың бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуі. Егер алғашқы олимпиадаға небәрі 32 ел қатысса, араға екі жыл салып бұл көрсеткіш үш еседен астам өсті.

IOAI бүгінде мектеп оқушылары арасындағы жасанды интеллект бойынша ең жылдам дамып келе жатқан халықаралық олимпиадалардың біріне айналып отыр.

Қазақстан үшін неліктен маңызды?

Биылғы олимпиаданы Қазақстанның өткізуі кездейсоқ емес.

Іс-шара Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Олимпиадаға ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетуде.

Бұл дода Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының ең ірі халықаралық іс-шараларының бірі саналады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада:
- Қазақстанның өңірлік AI-хаб ретіндегі мәртебесін нығайтады;
- еліміздің жасанды интеллект экожүйесін халықаралық қауымдастыққа таныстырады;
- жастардың бағдарламалау мен ғылымға қызығушылығын арттырады;
- халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың кеңеюіне ықпал етеді.
Қатысушыларды қандай сынақтар күтіп тұр?

IOAI жай ғана бағдарламалау олимпиадасы емес.

Қатысушылар екі негізгі бағыт бойынша бақ сынайды.

Біріншісі – екі алты сағаттық кезеңнен тұратын жеке жарыс.

Екіншісі – Team Challenge командалық сайысы.

Тапсырмалар қазіргі жасанды интеллекттің ең өзекті бағыттарын қамтиды:
* машиналық оқыту;
* табиғи тілді өңдеу;
* компьютерлік көру;
* үлкен деректерді талдау;
* AI негізінде нақты шешімдер әзірлеу.
Сонымен бірге тәжірибесі аз мемлекеттерге арналған GAITE халықаралық бағдарламасы да өткізіліп жатыр.
Қазақстан құрамасы тағы да жүлде ала ала ма?

Қазақстан құрамасы AI Olymp 2026 республикалық олимпиадасының қорытындысы бойынша жасақталған.

Былтыр Бейжіңде өткен халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар жоғары нәтиже көрсеткен болатын.

Ұлттық құрама 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, бейресми есепте әлемде төртінші орынға тұрақтады.
Сондықтан биыл жанкүйерлердің үміті жоғары.
Өзбекстан құрамасы: «Бұл олимпиадаға төрт кезеңнен өтіп келдік»
Өзбекстан құрамасының мүшесі Аслиддин Абдурахимов халықаралық олимпиадаға дайындықтың оңай болмағанын айтады.

Оның айтуынша, Өзбекстан құрамасы ұлттық іріктеудің төрт кезеңінен өткен.
Біз үшін арнайы оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Сол жерде олимпиадаға тыңғылықты дайындалдық. Қазір осы жарысқа қатысып жатқанымызға өте қуаныштымыз, – дейді ол.
Аслиддиннің айтуынша, Астана оған жақсы таныс қала.

Өткен жылы STEM олимпиадасына келген ол биылғы жарыстың атмосферасы мүлде ерекше екенін айтады.
Мұнда әртүрлі мемлекеттердің қатысушыларымен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар. Бұл өте ерекше әсер сыйлайды, – дейді өзбекстандық оқушы.
Оның сөзінше, Өзбекстанда да жасанды интеллектке қызығушылық жылдан-жылға артып келеді.
Әзірге AI өте жоғары деңгейде дамыды деп айта алмаймыз. Бірақ бұл бағыт өте қарқынды дамып жатыр. Оқушылардың қызығушылығы артып келеді, – дейді Аслиддин Абдурахимов.
Қытайлық қатысушы: «Бәріміз алтын медаль алуды армандаймыз»
Қытай құрамасының мүшесі Ичэнь Чжан жасанды интеллектке қызығушылығы бала кезден басталғанын айтты.
Мен кішкентай кезімнен жүйелердің қалай жұмыс істейтініне қызығатынмын. Кейін олимпиадалық информатикамен айналысып, сол арқылы жасанды интеллектке келдім, – дейді ол.
Қытайлық қатысушы олимпиадаға шамамен тоғыз ай дайындалған.

Қазір мектепте оқиды және болашақта Computer Science мамандығын таңдауды жоспарлап отыр.
Қытай құрамасы да екі командамен келген.
Кейбір қатысушыларымыз алтын медаль алуды көздеп отыр. Командалық жарыста үздік ондыққа енуді қалаймыз, – дейді ол.
Ичэнь Чжан Польша мен Ресей құрамаларын мықты командалардың бірі деп бағалағанымен, оларды қарсылас ретінде емес, тәжірибе алмасатын әріптес ретінде қабылдайтынын айтты.
IOAI неге ерекше олимпиада саналады?
IOAI алғаш рет 2024 жылы Болгарияның Бургас қаласында өтті.

Бір жылдан кейін олимпиаданы Бейжің қабылдады.
Ал биыл әлемнің назары Қазақстанға ауып отыр.

Олимпиада ЮНЕСКО қамқорлығымен ұйымдастырылады және халықаралық ғылыми қауымдастықтың қолдауына ие.
Қатысушылардың айтуынша, бұл жарыс алдағы уақытта информатика (IOI), математика (IMO), физика (IPhO), химия (IChO) секілді әлемдегі ең беделді олимпиадалардың қатарына қосылуға барлық мүмкіндігі бар.
Еске сала кетейік, 600 мың халқы бар Кабо-Верде арал мемлекеті құрамасы IOAI 2026 олимпиадасына жарты жылға жуық дайындалған.
Ең оқылған:
- АҚШ Иранға салмағы бір тоннаға жуық авиабомба тастады
- Қатты жел, нөсер, бұршақ: 3 тамызға дауылды ескерту жарияланды
- Қазақстандықтарға банк картасына қатысты жаңа алаяқтық тәсілі туралы ескерту жасалды
- Мектепте бағалау жүйесі өзгереді: Оқушылардың білімі енді қалай бағаланады?
- 2 тамыздағы валюта бағамы: доллар мен еуро қаншадан сатылып жатыр?