Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект бойынша IOAI 2026 халықаралық олимпиадасының ашылу рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиаданың басталуымен қатысушыларды құттықтады.
Сіздер әлемдік деңгейдегі мәртебелі әрі маңызды сайысқа келіп отырсыздар. Бұл – білім мен ұшқыр ой, тапқырлық пен табандылық бәсекеге түсетін бірегей жарыс. Алдағы бірнеше күнде тартысты әрі қызықты бәсекенің куәсі боламыз деп сенемін. Баршаңызға сәттілік және табыс тілеймін, - деді Президент.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 2-8 тамыз аралығында Астана қаласында Жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиада – International Olympiad in Artificial Intelligence (IOAI 2026) өтеді.
IOAI – жасанды интеллект, машиналық оқыту және заманауи цифрлық технологиялар саласындағы дарынды жастарды анықтауға және қолдауға бағытталған мектеп оқушыларына арналған халықаралық ғылыми олимпиада.
106 ел мен аумақтың өкілдері IOAI 2026 олимпиадасына қатысып жатыр. Құрамында 500-ге жуық мектеп оқушысы, сондай-ақ команда жетекшілері, сарапшылар, халықаралық қазылар алқасының мүшелері және құрметті қонақтар бар 126 ұлттық команда тіркелді.
Еске сала кетейік, 600 мың халқы бар Кабо-Верде арал мемлекеті құрамасы IOAI 2026 олимпиадасына жарты жылға жуық дайындалған.
Әлемнің ең дарынды жас AI мамандары Астанада бас қосты.