Президент Жарлығы: Ұлытау – ұлылар мекені

7 Маусым 2022, 19:26
3777
Бөлісу:
Президент Жарлығы:  Ұлытау – ұлылар мекені

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жылдың 16 наурызында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында елімізде үш жаңа облыстың құрылатынын жариялаған еді. Жаңадан құрылған 3 аймақтың қатарында ұлт ұясы атанған Ұлытау облысы да бар. Ежелден үш жүздің басы қосылып, үш бидің шешімі шыққан аймақтың атымен аталған облыс құрамына: Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа ауданы енді. Жаңа облыстың орталығы-Жезқазған қаласы болады. 

1973 жылы құрылған Жезқазған облысының құрамына ол кезде – Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары мен Ақадыр, Ақтоғай, Жезді, Жаңаарқа, Приозерный, Ұлытау, Шет аудандары кірген еді. 1997 жылдың 3 мамырында облыс тарап, Қарағанды облысының құрамына қосылды. Жаңа Ұлытау облысының териториялық құрамын бекітуде халықтың ой-пікірі тыңдалды. Себебі бұрынғы Жезқазған облысының құрамына енген көптеген қалалар мен аудандар жаңа облыстың орталығынан шалғай орналасқан. Бүгінде 90 мыңға жуық тұрғыны бар Жезқазғанның халқы облыс орталығы болғанына қуанышты. 

Жезқазған әлемге әйгілі, ірі кен-металлургия орталықтарының бірі. Х ғасырда біздің аймақтағы мыс өндірісі сонау Византия, Еуропа елдері мен Римге жеткен. Тарихшы Қойшығара Салғараұлының айтуы бойынша ХІ ғасырда Византияда «Ұлытау» деген тау болған. Ол таудың атауы осы Жезқазғаннан жеткен кен өнімдерінің құрметіне аталған. Біздің аймақта мыстан басқа түсті және сирек металлдар жеткілікті. 1997 жылы Қарағанды облысына сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында қосылған едік. Қазір шүкір, Қарағанды көркейді, енді Ұлытау облысын көтеретін кез келді. Жаңа облыстың құрылуы өлкенің экономикасын, тұрғындардың интеллектуалдық күшін, ғылым, білімін дамытуға, ең бастысы қаланың сыртқы келбетінің өсуіне көмектеседі деген сенімдеміз,- деді Жезқазған қаласының тұрғыны, «Құрмет» орденінің иесі Сағындық Қожамсейітов.

Кешегі күні Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек екі облыстың бөлінуі жайлы пікірін білдірді. Әкім сөзінде бұл шешім екі аймаққа да оң өзгерістер әкелетінін айтып, облыстардың бюджетіне тоқталды.

Алдағы уақытта. облыстық бюджетке түсетін салықтар мен республикалық жарна пропорционалды түрде бөлінеді. Қарағанды облысына жоғары бюджеттен түсетін салықтар мен трансферттер аумақтық жағынан Ұлытау облысына түсетін болады, қалғанының бәрі аймақтардың өз кірісі. Ірі компаниялардан түскен қаржыға келсек, қазір «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған қаласына кәсіпорындарын қайта тіркеуден өткізуде Жаңадан құрылған Ұлытау облысы мен Қарағанды облысы экономикалық құрылымы мен халық саны жағынан ұқсас, екеуінің де айқын өнеркәсіптік бағдары, жүйеқұрушы кәсіпорындардың қызметіне тәуелділігі бар. Мен екі өңірдің одан әрі қарқынды дамуға барлық алғышарттары бар екеніне сенімдімін, - деді облыс басшысы.

Президенттің тапсырмасымен жаңа облыс орталығында үш ірі жоба іске асырылмақ. Соның бірі – ұзындығы 43 шақырымды құрайтын «Үйтас-Айдос» су құбырын қайта жаңғырту. Алдағы уақытта  Жезқазғандықтар үшін  бұрыннан келе жатқан ауыз су мәселесі шешімін таппақ. Сондай-ақ, аймақта ұзындығы 208 шақырымды құрайтын Қызылорда – Жезқазған жолы және «Жезқазған – Қарағанды» тас жолының 513 шақырымын қайта жаңғырту жоспарлануда. Жаңа өзгерістердің арқасында Ұлытаулықтар сапалы жолмен жүретін болады.

3 маусым күні Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің  төрағалығымен Қарағанды облыстық Мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясы өтті.  Жиын  Қарағанды облыстық мәслихаты мен Ұлытау облысы мәслихатына бөлу жолдары мен  екі өңірдің  мәслихатын қайта ұйымдастыру және депутаттар құрамын айқындау  мақсатында өтті.  Сессия барысында Ұлытау облысы мәслихаты құрамы дауысқа салынып, жаңа аймаққа 12 депутат бекітілді.  Соның бірі “Қазақстан халық партиясы” депутаты Алпысбаева Назым Сейтханқызы.

2022 жыл барша қазақ елі үшін қайғылы саяси оқиғаларға толы болып басталды, бірақ, мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев мәселелік сұрақтарды шешуде жедел әрі жүйелі шешім қабылдай білді. Жаңа Қазақстанда Ұлытау облысының құрылуы біз үшін жағымды жаңалық болды. Алдағы уақытта халық үніне құлақ асатын мемлекетті бірге құрып, ел мүддесін қорғап, жаңа облысымыздың көркеюіне еңбек ететін боламыз!,- деді Алпысбаева Назым Сейтханқызы.

Қазір өңірімізде жаңа облыстың әкімшілік-аумақтық құрылуына байланысты облыстық мекемелерді екіге бөлу процестері жүріп жатыр.  Жаңа өзгерістер екі облысқа да даму мен тың өзгерістер әкеледі деген сенімдеміз.                      

Өзгелердің жаңалығы