Президент: Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасты

16 Маусым 2022, 15:22
1688
Бөлісу:
Президент: Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Біз бүгін жалпыұлттық референдумнан кейін алғаш рет бас қосып отырмыз. Ата заңға өзгерістер енгізуге арналған референдум табысты өтті. Азаматтарымыз дауыс беруге белсене қатысты. Отбасымен бірге барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты, - деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың ашылуында сөйлеген сөзінде. 

Сонымен қатар ол жаңадан құрылған облысқа тоқталып өтті. 

Менің Жарлығыммен бұл өңірде жаңа облыс құрылғанын білесіздер. Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп атадық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады. Облыстың алғашқы қадамы алқалы жиыннан басталуда. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екендігін айтқан болатын.   

Өзгелердің жаңалығы