Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек қана коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы керек екенін айтты. Сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге бағытталуы қажет.
Монополистердің міндеттері мұқият нақтыланып, толығымен орындалуға тиіс. Сондықтан Үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырамын. Оған цифрлық бақылау жүйесін де енгізу керек. Жұрт коммуналдық қызмет үшін төлеген ақшасы қайда кетіп жатқанын көріп отыруға тиіс. Қазіргі заманғы ақпараттық технология бұған толық мүмкіндік береді, - деді Тоқаев.
Тоқаевтың сөзінше, жанар-жағармайдың бағасын көтеру мәселесіне де дәл осылай қараған жөн.
Түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек. Сондықтан Үкімет мұнай өнімдерінің бағасын қайта қарау кезінде мемлекетке төленетін салықты арттыру жөнінде қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Жалпы, тариф саясаты бойынша Үкіметке тауарлар мен қызметтерді реттейтін «тұтынудың әлеуметтік нормасын» енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл – халықаралық тәжірибе, - деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін Президент банктерде ақша бар екенін және олар әділ жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қаржыландыруға дайын екендігін айтты. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы елді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға үндеу жолдады. Тоқаев орта бизнес қарқынды дамымай отырғанын алға тартты.