Президент елді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға үндеу жолдады

19 Сәуір 2023, 11:37
903
Бөлісу:
Президент елді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға үндеу жолдады
Фото: Ақорда

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тоқаев «Стратегиялық нысандар» ұғымын айқындау тәсілін қайта қарау қажет екенін айтты.

Бәлкім, аймақтық маңызы бар стратегиялық нысан ұғымын енгізу керек шығар. Бұл – әлемдік тәжірибе. Бәрін ойланбай өзгерте беру экономикалық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл мәселенің өзектілігі тіпті арта түсті, - деді ол.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан салмақты және дербес экономикалық саясат жүргізуі керек. Қоғамдық ресурстар қолжетімді болуы үшін ашық аукцион қағидаттарын басшылыққа алу қажет.

Бизнес өкілдері барлық міндеттемесін адал орындау үшін тиімді бақылау жүйесін орнату керек. Монополистерге қарсы қозғалған істер бойынша сапалы жұмыс атқарылуға тиіс. Ол үшін қазылардың білікті болуы аса маңызды. Қазір заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жұмысы жандана түсті. Қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуі керек, - деді Президент Тоқаев кеңесте.

Мемлекет басшысы барлық қаражат толығымен экономиканы дамытуға жұмсалуы қажет екеніне назар аударды.

Қаржыны қайтарып, елімізді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға мынаны айтқым келеді: жаңа индустриялық жобаларға қаржы салыңыздар. Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құрыңыздар. Сонда мұндай активтерге және оның иелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Тағы да қайталап айтамын. Біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз, - деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев жиында.

Айта кетейік, бұған дейін Президент табысты елде тауып, шетелге шашатындар туралы айтты. Сондай-ақ ол соңғы 15 жылда азық-түлік бұрын-соңды болмаған бағада өскенін мәлімдеді. Бұдан бөлек Президент мемлекеттің өнім өңдеуге беретін субсидиясын басқа мақсатқа қолданатындарды сынға алды.

Өзгелердің жаңалығы