Президент тапсырмасы: Қазақстан өңірлерінде бірқатар жаңа нысан іске қосылды

Өткен аптада елдің бірнеше өңірінде экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және импортты алмастыруға бағытталған жобалар өз жұмысын бастады.

10 Тамыз 2026, 08:21
АВТОР
 Үкіметтің баспасөз қызметі 10 Тамыз 2026, 08:21
10 Тамыз 2026, 08:21
105
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан өңірлерінде жаңа өндірістік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Өткен аптада елдің бірнеше өңірінде экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және импортты алмастыруға бағытталған жобалар іске қосылды.

Солтүстік Қазақстан облысында ірі тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілді. Кешеннің алғашқы кезеңі 800 басқа арналған қораны, сүт блогын, бұзау қораларын және құрама жем зауытын қамтиды. Мұнда Орталық Азиядағы 100 басқа арналған ең ірі сауу карусельдерінің бірі орнатылған. Қазір Германиядан 585 асыл тұқымды мал жеткізілді, жыл соңына дейін тағы 660 бас әкелу жоспарланған. Жобаның толық қуаты 12 мың басқа жетеді.

Абай облысында құны 7 млрд теңге болатын күнбағыс тұқымын өңдеу және өсімдік майын өндіру зауыты іске қосылды. Кәсіпорын тәулігіне 300 тоннаға дейін май өндіруге және 500 тоннаға дейін тұқым өңдеуге қауқарлы. Мұнда 120-дан астам жұмыс орны құрылды.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында құны 5,5 млрд теңге болатын құс фабрикасы ашылды. Кәсіпорын жылына 6 мың тоннаға жуық құс етін өндіреді. Нысанда 120 жұмыс орны құрылып, өнім өңірге және көршілес облыстарға жеткізіледі.

Қарағанды облысында жылына 45 млн кірпіш өндіруге қауқарлы зауыт іске қосылды. Жобаға 1,5 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Кәсіпорынның жеке саз кен орны бар және өндірістің толық циклі қамтамасыз етілген.

Жаңақорған кентінде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен құны 1,1 млрд теңге болатын су тарату стансасы мен жеткізу желісі пайдалануға берілді. Жоба нәтижесінде 1,5 мыңға жуық үй сапалы ауыз сумен қамтылды.

Жетісу облысында Талдықорған қаласындағы әлеуметтік осал санаттағы 41 отбасы жаңа баспананың кілтін алды. Биыл облыс орталығында 1,4 мыңға жуық адамның қоныс тойын тойлауы жоспарланған.

Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған 80 отбасы сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер алды. Олардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен жетім балалар бар.

Түркістан облысының Сауран ауданындағы Шорнақ ауылында құны 1,7 млрд теңге болатын спорт кешені ашылды. Нысанда баскетбол, бокс, күрес және спорт залдары бар. 40 жаңа жұмыс орны құрылды.

Кентау қаласының Қарнақ тұрғын алабында 300 орындық Достық үйі пайдалануға берілді. Аумағы 2,8 мың шаршы метр болатын ғимарат мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған.

Наверх