Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында еліміздің бірқатар өңірінде әлеуметтік, медициналық, көлік және өндірістік инфрақұрылым нысандары іске қосылды.
Қарағанды облысының Осакаров ауданында инвестиция көлемі 30 млрд теңгеден асатын ірі сүт-тауар фермасының бірінші кезеңі ашылды. Қазір ферма 1,2 мың сауын сиырға есептелген. Жоба толық іске асқанда сиыр саны 6 мыңға, жалпы мал басы 15 мыңнан астамға жетеді.
Түркістанда өңірдегі алғашқы мамандандырылған вирусологиялық зертхана іске қосылды. Енді биологиялық сынамаларды басқа өңірлерге жібермей, зерттеулерді жергілікті жерде жүргізуге мүмкіндік бар. Ал Сарыағаш теміржол вокзалы жаңғыртылып, аумағы 449,1 шаршы метрден 558,5 шаршы метрге дейін кеңейтілді.
Ақтөбе облысының Бадамша ауылында төрт қабатты диагностикалық орталық ашылды. Мұнда УДЗ, ФГДС, ЭКГ, маммография, флюорография, рентгенодиагностика және биохимиялық зерттеулер жүргізіледі. Жамбыл облысына компьютерлік томограф, цифрлық маммограф және УДЗ аппараты орнатылған екі жылжымалы медициналық кешен берілді.
Жетісу облысында «Талдықорған – Үштөбе» жолының 42 шақырымы жөнделіп, жұмыс жоспарланған мерзімнен екі ай бұрын аяқталды.
Қарағанды облысында құны шамамен 9 млрд теңге болатын «ЖаңаLAB» геологиялық зертханасы ашылды. Кешен жылына 200 мыңға дейін сынама жүргізіп, шамамен 150 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Абай облысының Бесқарағай ауданында 390 мың гектар орманды қорғауға бағытталған жаңа өрт сөндіру стансасы пайдалануға берілді.
Шығыс Қазақстан облысының Қасым Қайсенов кентінде аумағы 16 мың шаршы метрге жуық, құны 470 млн теңгеден асатын жаңа сквер ашылды. Ал Самар ауданының Құлынжон ауылында шалғай елді мекендердегі балаларға арналған жаңа мектеп-интернат пен спорт кешені іске қосылды.