Президент сот жүйесіндегі реформаларды сапалы жүзеге асыруды тапсырды

30 Қаңтар 2023, 14:41
837
Бөлісу:
Президент сот жүйесіндегі реформаларды сапалы жүзеге асыруды тапсырды

Мемлекет басшысы Жоғары сот кеңесінің төрағасы Денис Шиппті қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президентке Жоғары сот кеңесінің 2022 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы, еліміздегі судьялар корпусының жай-күйі және оның тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы мәлімет берілді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жазды.

Жоғары сот кеңесі төрағасының айтуынша, судьялар корпусының құрамын қайта жаңарту мақсатында қабылданған шаралардың нәтижесінде былтыр судьялық қызметке ұсынылған адамдардың саны сот жүйесінен кеткен судьялардың санынан асып түскен.

Мемлекет басшысының сот жүйесіне нақты сала мамандарын тарту жөнінде берген тапсырмасын орындау үшін алғаш рет жекелеген құқық салаларындағы заңгерлер арасында конкурс өткізілді. Конкурс жеңімпаздары аудандық деңгейді айналып өтіп, бірден облыстық соттың судьялары бола алады.

Бұдан бөлек, Президентке Кеңесті институционалды тұрғыда нығайтуға және оның құзыретіне соттардың кадрлық мәселелерін беруге, сондай-ақ судьялардың тәртіптік жауапкершілігі институтын жетілдіруге бағытталған жоспар туралы баяндалды. Сонымен қатар судьяларды іріктеу ісін жетілдіру және оның ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма беріп, сот жүйесіндегі реформаларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы