Президент сайлауы – 2019. Тоқаевтың шешімі демократиялық-либералдық ұстанымдарын көрсетті

9 Сәуір 2019, 17:45
3128
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019. Тоқаевтың шешімі демократиялық-либералдық ұстанымдарын көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы, парламенттік фракциясының жетекшісі Азат Перуашев алдағы Президент сайлауына партия атынан кандидат қатыстыру жөнінде тиісті шешім қабылдау қажет екенін айтты.  

«Бүгін сағат 13.00-де мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның мәлімдемесін бәріміз тыңдадық. Сонда президент мырза мерзімінен тыс президенттік сайлауды жариялады. Жақында ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз еркімен президенттік лауазымнан бас тартқаннан кейін Қасым-Жомарт мырзаға әрі қарай жұмысты жалғастыруға болатын еді. Назарбаев келер жылға дейін сайланған болатын, яғни сол мерзімді аяғына дейін атқарып жүретін еді. Бұл ереже тек Қазақстанда емес, басқа да дамыған, дәстүрлі демократиялық мемлекеттерде бар. Мысалы, Линдон Джонсон вице-президент болып, одан кейін 7 жыл президент болды. Бір рет сайланып АҚШ-ты басқарған болатын», - деп айтты Перуашев.

Мәжіліс депутаты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімге келуі ең алдымен өзіндік дипломат ретінде демократиялық-либералдық ұстанымдары бар екенін, демократиялық көзқарасты және дәстүрлерді құрметтегенін көрсететінін айтты. 

«Осы үшін рақмет. Саясат үшін, саяси партиялар үшін ел үшін бұл жаңалық маңызды, өте дұрыс деп санаймын. Партиямыз атынан жарияланған сайлауға қатысу жөнінде тиісті шешім қабылдауымыз керек. Партиямыздың негізгі құжаттары бойынша бұл шешімді «Ақ жол» демократиялық партиясының құрылтайы ғана шешуі мүмкін. Яғни, біз бүгін президиум атынан құрылтай шақыру шешімін қарастыратын орталық кеңестің пленумын шақыруымыз қажет. Одан кейін ғана пленум құрылтай шақыру жөнінде мәселе қарастырады», - деп айтты ол.

Перуашев бұл мәселені кейінге қалдырмай осы аптаның аяғына дейін шешу қажет екенін айта кетті. 

«Кәсіпкерлік партия болғандықтан уақыт тығыз, бос уақыт өте сирек. Сондықтан, біз жұмыс күні емес, сенбі күні өткізейік деп ұсынып жатырмыз», - деп айтты «Ақ Жол» партиясының парламенттік фракциясының жетекшісі.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуін жариялады. Қасым-Жомарт Кемелұлы үндеуінде 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс ҚР Президент сайлауы өтетіндігін мәлімдеді.
Өзгелердің жаңалығы