Президент сайлауы – 2019. Шымкентте 24 халықаралық бақылаушы тіркелген

8 Маусым 2019, 15:15
2224
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019. Шымкентте 24 халықаралық бақылаушы тіркелген
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентке 9 маусым – ҚР президентінің кезектен тыс сайлауына қатысатын халықаралық бақылаушылар келіп жатыр. 

Шымкент қалалық сайлау комиссиясының ұсынған дерегінше, Шымкенттегі сайлау барысын қадағалауға 24 халықаралық бақылаушы тіркелген. Бұл туралы Шымкент қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Қайырбек Құнанбаев мәлімдеді.

Шымкенттегі халықаралық бақылаушылардың дені ТМД аумағын келген азаматтар екен.

«Барлығы 24 халықаралық бақылаушы тіркелді. Олардың 2-і Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымынан (ЕҚЫҰ), 1-і Шанхай ынтымақтастық ұйымынан, 3-і Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясынан, 1-і АҚШ-тан және қалған 17-сі ТМД елдері аумағынан тіркелді»,-дейді Қайырбек Құнанбаев.

Айтуынша, ертеңгі сайлау барысын жергілікті бақылаушылар да қадағалай алады. Тек қандай да бір қоғамдық бірлестіктен жолдамасы болуы шарт.

«Бақылаушылар саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан жолдама алып, жеке куәлігімен сайлау учаскесімен келіп, тіркеле алады. Күні бойына тіркелуіне болады. Ешқандай шектеу жоқ»,-дейді Қайырбек Құнанбаев.

Шымкентте 260 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Осы 260 сайлау учаскесіне 568 794 сайлаушы тіркелген.

«Қаладағы 260 сайлау учаскесінің 113-інде тіркелген сайлаушылар саны 2500-3000 адам арасында болып отыр. Қаланың тығыз шоғырланған аумақтарын осы сандардан-ақ білуге болады»,-деді ол.

Қайырбек Құнанбаевтың сөзінше, ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылы жаңа мерзімге сайланған сайлау комиссияларының құрамын жаппай каскадтық әдіспен электорадтық оқыту бағдарламасын бекітіп берді. Бұған қалалық бюджеттен 2,8 млн теңге бөлініп, 2019 жылғы 22-27 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Басқару академиясының Шымкент қаласы филиалында аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларының біліктіліктерін арттыру бойынша оқыту жүргізіліпті.

«Нәтижесінде 70 адамға біліктілігін арттырғандығы туралы сертификат берілді. 764 адам қашықтық оқыту тестілеуінен өтіп, 1813 учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері Шымкент қалалық сайлау комиссиясы бекіткен кестеге сәйкес көшпелі семинарларда оқытылды»,-дейді Қайырбек Құнанбаев.

Барлық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына мөрлер, кеңсе заттары (қағаздар, қаламдар, ручкалар, кіріс, шығыс, байқаушыларды тіркейтін журналдар және тағы басқа),   учаскелік комиссиялардың маңдайшалары, сайлау жәшіктерін, жәшіктерге арналған пломбалар, жәшіктерге өздігінен жапсырылатын елтаңбалар, сайлау кабиналарына арналған маталар және қажетті стендтер сатып алынған. Сайлаушыларға арналған кабиналар мен ұлғайтқыштар сайлау учаскелеріне жеткізілген. 2019 жылы 7 маусым күні барлық сайлау учаскелеріне бюллетендер таратылған.

Өзгелердің жаңалығы