Президент сайлауы – 2019. Іргелі ел болуға ұмтылыс басты мұратымызға айналуы тиіс

10 Сәуір 2019, 10:49
2475
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019. Іргелі ел болуға ұмтылыс басты мұратымызға айналуы тиіс

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері ел болуға деген ерен ұмтылыс, айқын мақсаттарға жету жолындағы ауыртпалықты біріге көтеру – елімізде тұрып жатқан көпұлтты тұрғындардың саяси белсенділігін арттырды. «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамды бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауына қатысты осындай пікір білдірді.

Айтуынша, алдағы сайлау еліміз бен халқымыз үшін аса жауапты саяси науқан болғалы тұр. Өйткені бұл жолы өзіміз кімді таңдаймыз, кімді сайлаймыз, ел тағдыры сол өзіміз сайлайтын Президентімізге байланысты болмақшы.

«Тәуелсіздік алған жиырма жеті жыл ішінде сайлау өткізуде біраз ысылдық, тәжірибе жинақтадық. Енді сол тәжірибені дұрыс пайдалана білу керек. Қазір әлем назары біздің елімізде. Биліктің өз еркімен ауысуы бар, одан қалды алдағы сайлау бар, бұл ел енді қалай болар екен, қазір бұл ел қалай жүрер екен, енді қалай дамыр екен деген сыңайдағы бақылаулар көп. Президент еліміздің Елбасы салып берген сара жолынан айнымайтындығын мәлімдеді. Бұл тұрақтылықтың басты кепілі. Және де Президент өз мәлімдемесінде сайлаудың әділ өтуіне кепілдік берді. Бұл да ел бірпігін сақтап тұрудың кілті. Қоғамда әділеттілік пен заң үстемдігін нығайта алатын, сыбайлас жемқорлықтың бетін қайтара алатын, жершілдік пен рушылдықтан ада, көзбояушылықты, бос даңғазалық пен ысырапшалықты реттей алатын, елдің жайын, халықтың жағдайын жақсартуға бар мүмкіндікті іске қоса алатын, ел байлығын жалпыға ортақ игілік ете алатын Қазақстан азаматы үшін дауыс береміз», - дейді Мейрамбек Қиықов.

Оның сөзінше, осы жылдар ішінде елімізде қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар жұртшылыққа тың серпін беріп, бақуатты өмір сүруге жол ашып, ерінбей еңбек етуге жігерлендіре түсті. Әсіресе, «Нұрлы жол» бағдарламасының кейінгі ұрпаққа да қызмет ететініне халық көз жеткізіп отыр.

«Қазақстан халқы елімізде атқарылып жатқан игі істерге енжар қарамайды. Халқымыз әрбір тың бастамалардың жүзеге асуына атсалысуға тырысуда. Себебі, Қазақстан – ортақ үйіміз. Әрбір тұрғын елдегі өзгерістерден тыс қалмағаны жөн. Іргелі ел болуға деген ұмтылыс басты мұратымызға айналуы тиіс. Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанда тұрақты, берекелі, бейбіт өмір бар екенін, бизнесті дамытуда сенімді серіктес бола алатынын біледі. Бұл аз жетістік пе?! Қазақстандағы бүгінгі саяси-экономикалық ахуал халық көңілінен шығып отыр. Болашақтан үміттері зор. Ертеңге сенімді. Тәуелсіз елімізде ана тілімізге, ұлттық өнерге, салт-дәстүріміздің, театрлардың  дамуына ерекше қамқорлық жасалып отырғанына өте қуаныштымыз. Өйткені, жастарға ғибратты тәрбие өнер арқылы тиімді беріледі. Мысалға, театр сахнасынан көрген қойылым әсері ұмытылмайды, ойға жетелейді, есте қалады. Репертуарымызда қанашама тарихи шығармалар бар?! Міне, елімізде осылайша тәрбиелік мәні зор өнерге қамқорлықтың бола бергенін, өнеріміздің дами, өсе бергенін қалаймыз. Еліміздегі ірі реформалардың, жақсы бағдарламалардың жүзеге асқанын көргіміз келеді», - дейді тіл жанашыры.

Оның пайымынша, елдегі өтетін сайлауға қатынасуды әркім өзінің міндеті деп санағаны жөн.

«Тұрғындарымыз, жас та, кәрі де өз дауысын лайықты деген азаматына беруді, өз пікірін білдірудің қажет екенін, осы елдің бір азаматы ретінде осы жауапкершілікті терең түсінеді. «Менсіз де сайлау өтеді» деген қасаң пікір кейінде қалуы тиіс. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегенге сүйенсек, бұл – өсер елдің нышаны, болашағы бар елдің белгісі. Ендеше, бәріміз де осындай айрандай ұйыған, берекелі еліміздің осы қалпын сақтап қалу, қолға алынған ауқымды жоспарлардың жүзеге асуы үшін 9 маусым күні дауыс береміз. Барша жұрттың осындай пікірде екеніне мен сенімдімін», - дейді Мейрамбек Қиықов. 

Өзгелердің жаңалығы