Президент сайлауы – 2019. Нұр-Сұлтанда 600 мыңға жуық сайлаушы бар

15 Сәуір 2019, 11:59
2656
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019. Нұр-Сұлтанда 600 мыңға жуық сайлаушы бар
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қалада 304 сайлау учаскесі тіркелген. Оның 239-ы жергілікті жерлерде және 65-і шетелдерде, өкілдіктерде, елшіліктерде және консулдықтарда орналасқан. Қазір қалада 598 мыңнан астам сайлаушы бар.

Бұл туралы бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және елорданың сайлау учаскелерінде азаматтарды тіркеу мәселелері бойынша брифинг барысында қала әкімі аппараты басшысының орынбасары Азамат Ахмеджанов мәлімдеді. 

"Сайлаушылардың тізімін нақтылау және өзектендіру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі өзінің сайлау учаскесі туралы мәліметтерді нақты уақыт режимінде алу мүмкіндігін қарастырып отыр. Қалалықтар үшін бүгіннен бастап IКomek бірыңғай байланыс орталығының 109 телефоны бойынша 24/7 режимінде; Smart Astana мобильдік қосымшасы Қалалық қызметтер бөлімінде; Бағдарламаны App Store (iOS үшін) және Play Store (Android үшін) жүктеуге болады; Telegram әлеуметтік желісіндегі @smartastana_bot чат-боты арқылы өзінің сайлау учаскесінің қайда орналасқаны және басқа ақпаратты ала алады", - деді Азамат Ахмеджанов.

Ал 18 сәуірден бастап astana.gov ресми интернет-ресурсынан; Сайлаушының мекенжай деректерін (көшесі, үйі) енгізу арқылы қаланың электрондық картасында сайлау учаскелерінің шекаралары мен орталықтарын көру мүмкіндігі бар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің maps.astana.kz геопорталынан ақпарат алуға болады. 

"Сондай-ақ, 24 сәуірден бастап WhatsApp және Instagram әлеуметтік желісінде қызметтер іске қосылады", - деп қосты Ахмеджанов.

Азаматты нақты сайлау учаскесінде сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның осы сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі негіз болып саналады. Мекенжайлық ақпаратты тіркеу, түзету және тексеру үшін egov.kz электрондық үкімет порталына, "Азаматтық, миграция және иммиграция", "Халықты тіркеу және тіркеу есебінен алып тастау" бөліміне немесе "Азаматтарға арналған үкіметі" мемлекеттік корпорациясына хабарласуға болады.

Өзгелердің жаңалығы