Президент Қостанайда Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін (CKD) іске қосты

21 Қаңтар 2023, 20:40
1697
Бөлісу:
Президент Қостанайда Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін (CKD) іске қосты
Фото: Aqorda

Президент Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Allur автомобиль зауытына барды, деп жазады BAQ.KZ Aқорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпорын жұмысы таныстырылып, алдағы жоспары баяндалды.

Зауыт басшылығының айтуынша, былтыр 614,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылы зауыт құны 21,5 миллиард теңге болатын өнім экспорттады. Кәсіпорында 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Allur автомобиль зауытының жаңадан іске қосылған желісі Kia Sportage моделіне арналған. CKD – шанақтарды дәнекерлеу, бояу және құрастыру жөніндегі технологиялық жұмыстарды жүзеге асыратын шағын торапты автомобиль өндірісі. Ол үшін арнайы цехтар ашылған. Kia өндірісінің осы технологиялары Орталық Азия мен ТМД бойынша Қазақстанда ғана орналасқан.

Президент Қостанайда Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін (CKD) іске қосты

Президент зауытты аралау барысында жас жұмысшылармен әңгімелесіп, оларға қолдау білдірді.

Шын мәнінде, зауыт өте керемет екен. Таза әрі өндіріс мәдениеті өте жоғары. Біз жаңа ғана Кіа Sportage көлігін көрдік. Бұл көліктің сапасы өте жоғары. Сондықтан сұраныс жоғары болады деп ойлаймыз. Біз келешекте инвесторлар шақырып бұл зауытты ұлғайтамыз. Зауыттың болашағына байланысты ешқандай мәселе жоқ деп ойлаймын. Жастарға үлкен мән беріп отырмыз. Сондықтан бәрі дұрыс болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Зауыт өкілдері биыл Kia Cerato шығаратын CKD желісін іске қосу жоспарланғанын атап өтті. Сондықтан компания техникалық бағыттағы оқу орындарымен тұрақты жұмыс жүргізуді бастаған. Осы ретте кәсіпорын басшылығы техникалық оқу орындарының студенттері мен түлектеріне арналған 250 орындық кампус үлгісіндегі жаңа заманауи жатақхана құрылысының басталғанын мәлімдеді.

Президент Қостанайда Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін (CKD) іске қосты

Kia Corporation президенті және бас директоры Хо Сун Сон бейнебайланыс арқылы шараға қатысып, автомобиль жасау саласындағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығының маңызын атап өтті.

Біз Қазақстан нарығы үшін ашылып жатқан болашағы зор мүмкіндіктерге ризамыз. Қазақстан экономикасы кең ауқымда және жылдам дамып келеді. Нарықтағы бизнесіміздің әлеуеті мол екенін көріп отырғандықтан, мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ел басшылығына жеке бизнесті дамытқаны үшін алғыс айтқым келеді. Біз бұл үлкен істің бастамасы ғана деп сенеміз, – деді корпорация басшысы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жүзеге асырылып жатқан 3 жоба мен болашақта қолға алынатын басқа да инвестициялық бастамалар туралы баяндады.

Президент Қостанайда Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін (CKD) іске қосты

Орындалып жатқан жобалардың алғашқысы – темір құю цехының құрылысы. Биыл іске қосылатын кәсіпорында 300 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Оның құны – 78,2 миллиард теңге. Жылына 45 мың тонна құйма құятын жоба инновациялық өнім көлемін 8 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жүзеге асырылып жатқан екінші жоба – жүк көліктерінің бөлшектерін шығаратын зауыттың құрылысы. Кәсіпорын 2 жылдан соң іске қосылады. 360 адамға тұрақты жұмыс орын ұсынатын жобаның құны – 82,5 миллиард теңге.

Өзгелердің жаңалығы