Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті

14 Қыркүйек 2022, 17:26
1167
Бөлісу:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті
PHOTO
Фото: Ақорда

Президент Қытай Төрағасына шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгеніне ризашылығын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты мәлімдейді.

 Бұл – пандемиядан кейін сіздің шетелге алғашқы сапарыңыз. Сондықтан осы сапарыңыздың тарихи мағынаға ие. Мен мұны жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастықтың көрінісі деп бағалаймын. Биылғы 5 ақпанда XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқанымды білесіз. Сол кезде Бейжіңде өткен кездесуімізді ықыласпен еске аламын, – деді Мемлекет басшысы. 

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті

 Сіздің сапарыңыз осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде біз тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Сіз Қазақстан экономикасын дамытуға және біздің халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Сол үшін өзіңізге зор алғыс айтамын, – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2019 жылғы қыркүйектегі Бейжіңге мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестік жөніндегі уағдаластық сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі бірлескен мәлімдеме қарым-қатынастардың жаңа «алтын 30 жылдығының» басталғанын білдіреді. Сондықтан Қытай Төрағасының бұл сапары аса маңызды. ҚХР Төрағасы араға жыл салып Қазақстанға қайта келгеніне қуанышты екенін айтып, қазақ халқының қонақжайлығы мен мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Президентке ризашылығын білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті

 Си Цзиньпин қазақ-қытай қарым-қатынастарының дамуын жоғары бағалап, бүгінгі сапарының екіжақты байланыстарды одан әрі ілгерілетуге тың серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қытай өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымдарын қолдайды. 

 Қазақстан халқы сіздің басшылығыңызбен мемлекеттік құрылыс пен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа табыстарға жететіні күмәнсіз. Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетініне тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қазақстанның сенімді досы және сенімді серіктесі болды және болып қала береді. Дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы бері Қазақстан мен Қытай арасындағы беріктік сынынан лайықты өткен қарым-қатынастар үнемі жаңа мазмұнмен толығып, дамумен, жемісін беріп келеді. Біздің елдеріміз бірқатар салалардағы ынтымақтастықтың авангардына айналды. Шекара мәселелерін алғашқылардың бірі болып шештік. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық үлгісін көрсетіп, индустрияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты алғашқылардың бірі болып дамыттық. Біз екіжақты қарым-қатынастарды серпінді дамуға қол жеткізіп, Қытай дипломатиясында теңдесі жоқ мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне шығардық. Бүгінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы жаңа тарихи бастау алды, – деді Си Цзиньпин. 

Тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылық салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер жайы талқылады. Келіссөздерден кейін екі мемлекеттің басшылары Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдеге қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы