Президент LRТ жобасын сынға алды

8 Қазан 2019, 14:05
3391
Бөлісу:
Президент LRТ жобасын сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев LRТ құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Мемлекет басшысы LRT құрылысын аяқтаудың нақты мерзімін айқындау керектігін қадап айтты. 

"LRT ұзақтығы 22,5 шақырымды құрайды, 18 станса жоспарланған. Тыңдаңыздаршы, сіздер марафон жарысында 22 шақырымнан да көп жүгіресіздер. 18 станса, демек жолдың бір бөлігі бір шақырымнан сәл ғана асады. Біз жаяу одан да көп жүреміз. Бұндай жоба бастапқы кезден-ақ мақсатқа сай болмаған. Оны қалай жүзеге асыруға рұқсат берілгенін мүлдем түсінбеймін. Үкімет пен әкімдікке LRT бірінші кезеңін аяқтаудың нақты мерзімін, екінші кезеңін аяқтаудың кестесі мен тетіктерін анықтауды тапсырамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бұған қоса, президент LRT құрылысына қатысты істі тергеуді жеделдетуді тапсырды.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тергеуді жеделдету тапсырмасымен жүгінгім келеді. Біреулердің шетелге қашып кеткенін айтып, үстімен жүруге болмайды. Бұл жоспарланған қашу екені түсінікті. Өзгелерді, оның ішінде шешім қабылдаған әкімдіктің басшыларын қаперден тыс қалдырмау керек. Тіпті ол LRT компаниясының басшысы болса да, бір ғана орындаушыға назар аударылатын проблема емес. Мәселен, шешімді әкімдік қабылдады. Тереңірек тексеріңіздер, бұл өте даулы жоба, экономикалық тұрғыдан түсініксіз. Әрине, Үкімет пен әкімдіктің қолдауымен оны жүзеге асыруға тура келеді. Себебі халықаралық міндеттер бар. Бұл проблеманың мән-жайын анықтайық", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысының елорданы дамыту мәселелері жөнінде мәжіліс өткізіп жатқаны жайлы және Нұр-Сұлтанда саяжайлар орнына аурухана салынатыны туралы хабарлаған едік.


Өзгелердің жаңалығы