Президенттің идеямды бірден қолдап, қызығушылық білдіргенін көргенде өте қуандым – Эмин Әскеров

8 Ақпан 2020, 10:00
1769
Бөлісу:
Президенттің идеямды бірден қолдап, қызығушылық білдіргенін көргенде өте қуандым – Эмин Әскеров
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев кембағал жандарды жарылқап жүрген бизнес өкілдерімен Ақордада кездесті. Президентке маңызды проблемаларды жеткізген іскер азаматтар әлеуметтік кәсіпкерліктің бүгінгі беталысын талқылады. Осы саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жанашыр азаматтың бірі – "Green TAL" әлеуметтік шеберханасының басшысы, "Best for kids" қоғамдық қорының вице-президенті Эмин Әскеровпен сұхбаттасқан едік. 

Деградацияға ұшырадым

Тілші: Эмин Халилович, жасырын емес, әлеуметтік кәсіпкерлік өзге елдермен салыстырғанда бізде кешеуілдеп дамып келеді. Бұл салаға қалай бет бұрдыңыз, не себеп болды? 

- Эмин Әскеров: 2014 жылы мен алғаш рет жаңа терминді естідім. Қазақстанда енді-енді дамып келе жатқан жаңа әрі тың трендпен таныса бастадым. Бұл мені өте қызықтыра түсті. Сол кезде мен Назарбаев Университетінде жұмыс істеп жүрген едім. Сол жылдары өзімді «шарықтау шегіме» жеттім деп ойладым, яғни жақсы жалақы аламын, жаңа пәтер берді. Сөйтсе, өміріңде бәрі тым жақсы болғаны – өте жаман екен. Себебі, менде біртіндеп құлдырау, тоқырау үрдісі басталды. Яғни, деградацияға ұшырадым. Осы сәтте маған бизнес пен мейірімділікті ұштастыру идеясы қатты ұнап, өміріме жаңа серпін мен құлшыныс берді. Мен әрдайым жеке кәсіпкерлікпен айналысқым келетін. Оның үстіне, үнемі мейірбан, қамқор болатын едім. Білім алған мамандығым – әлеуметтік қызметкер. Екінші жағынан, бұл маған ата-анамнан қалған аманат, екінші буынның өкілімін. Былайша айтқанда, жаныма жақын дүние болды. Бір жыл бойы ойланып-толғанып жүріп, ақыры бір шешімге келдім. 2015 жылы өз еркіммен жұмыстан кету туралы өтініш жазып, шығып кеттім. Содан кейін біз "Green TAL" әлеуметтік шеберханасын құрдық. Біздің ең алғашқы жасап шығарған өніміміз – өріліп, тоқылған гүлсауыт, кәрзеңке, себет сияқты заттар болды. 

эмин.jpg

Өндірген өнімді сату қиын болды

- Тілші: Кеше президенттің алдында тиісті ғимарат пен әлеуметтік кәсіпкерлер үшін бірыңғай сауда нүктелерінің болмауы мәселесін көтердіңіз. Оны қалай алай шешуге болады? 

- Эмин Әскеров: Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлымен Ақордада өткен кездесуде мен екі маңызды мәселеге баса назар аудардым. Біріншісі –әлеуметтік кәсіпкерлер үшін бірыңғай сауда нүктелерінің болмауы. Мен елдегі әлеуметтік кәміпкерлердің басым бөлігін алаңдататын проблема біреу екенін байқадым. Өздері өндірген өнімді әрі қарай сату, нарыққа шығару күрделі болды. Егер әрбір қаланың әкімдіктері тарапынан ең болмағанда бір ғана сауда нүктесі қарастырылатын болса, бірақ, мәселен, 20 шаршы метр ауданды құрайтын жақсы жер болу керек. Сонда ғана әлеуметтік кәсіпкерге үлкен демеу болары сөзсіз. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту немесе оларды оқытуды әрі қарай жалғастыра береді. Президент біздің бастамаларымызға белсенді түрде қолдау білдіріп, мемлекет бизнеспен қатар, әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысатын кәсіпкерлерге барлық қолдау көрсетілетінін айтты.

- Тілші: Іскер азамат ретінде қалай ойлайсыз, елдегі әлеуметтік кәсіпкерліктің бүгінгі беталысы қандай?

- Эмин Әскеров: Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің бүгінгі беталысын айтар болсам, соңғы статистикалық ресми деректерге сүйенсек, елімізде шамамен 250-дей әлеуметтік кәсіп иелері бар екен. Қазіргі күні елордада осы салады жұмыс істеп жатқан 37 кәсіпкер бар. Мұндай тренд күн санап ілгерілеп, сұранысқа ие бола бастады. Біздің қатарымызға қосылғысы келетіндердің саны артуда. Ендігі кезек, мемлекет пен бизнес бірлесіп жұмыла жұмыс істейтін уақыт жетті деп санаймын. Өз ісімді бастаймын деген әлеуметтік кәсіпкерлерге сәтті старт жасауға мүмкіндік беретін экожүйе құруды қолға алу қажет. Мысалы, Батыста әлеуметтік кәсіпкерлік 40 жыл бұрын дамып кеткен. Ресейде - шамамен 12, ал көршілес Қырғызстан - сегіз жылдан бері дамып келеді, ал, Қазақстан енді-енді қадам басып жатыр. 

эмин 2.jpg

"Бастамаң маған ұнады"

- Тілші: Сонымен, тұңғыш республикалық Әлеуметтік кәсіпкерлер форумын өткізу туралы бастамаңыз қолдау тапты ма?

- Эмин Әскеров: Иә, мен кеше президентке Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлердің форумын өткізуді ұсындым. Өкінішке қарай, бұрын соңды мұндай I Республикалық форум бізде мүлдем ұйымдастырылмаған. Бір таңғалғаным, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл идеяны бірден қолдап, "әрине, өткізейік, бірақ қатты асықпайық" деді. 

"Бұл бастамаң маған ұнады. Күзге дейін жақсылап пысықтап, дайындалайық. Шамамен қазан айында менің қатысуыммен өтетін болады" - деді мемлекет басшысы. Президенттің өзі бастамашылық етіп, шынайы қызығушылығын білдіргенін көріп, естіп өте қуандым. 

эмин 1.jpg

Дорба тігуден "Чемпионбыз"

Тілші: "Green TAL" әлеуметтік шеберханасы отандық нарыққа қандай өнім ұсынып отыр және жұмыс істеуге ниетті мүгедек жандар Сіздерді қалай таба алады? 

- Эмин Әскеров: "Green TAL" әлеуметтік шеберханасы бүгінгі күні шағын корпорацияға айналды десем болады. Бізде бүтін бір шеберхана цехы жұмыс істейді. Жиһаз жасамыз. Тігін шеберханамыз бар. Біз түрлі  конференцияларға  арналған дорбаларды тігу бойынша "чемпиондар" болып саналамыз. Бұл салада көш бастап тұрмыз. Қазір ұлттық стилде тоқылған кілемдерді шығара бастадық. Бұдан басқа, ағаш ұстасы, дәнекерлеу және қабырға декоры және баспа бағытында да жұмыс істейміз. Осыдан жарты жыл бұрын кәдуілгі саңырауқұлақтарды және аспа саңырауқұлақтарды өсіре бастадық. Жуырда ғана, яғни бір апта бұрын, елорданың сол жағалауында "Green TAL Food" деп аталатын әлеуметтік дәмхана аштық. 

эмин 4.jpg

Іздемейміз, өздері тауып келеді

Шынымды айтсам, біз енді жұмыскерлерді іздемейтін болдық. Себебі қызметкерлер өздері іздеп, бізді тауып келуде. Небәрі 4 күннің ішінде 16 адамды жұмысқа орналастырдық. Олардың ішінде 14 адам халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан азаматтар. Қыз-жігіттер таныстарынан естіп келген. Яғни, "сарафанды радионың" тез әрі жылдам таралатыны соншалықты бізде қандай жаңа жоба шықса, бірден іздеп өздері келеді. Жұмысқа орналастыруымызды сұрайды.

эмин 5.jpg

"Нарықты жаулап аламын" десеңіз – қателесесіз!

- Өз ісімді бастаймын деген қазақстандықтарға қандай кеңес берер едіңіз? 

- Эмин Әскеров: Егер әлеуметтік емес, кәдімгі кәсіпкерлік жөнінде айтар болсам. Бизнесте тәжірибеңіз болмаса, өзіңіз қандай салада майын ішіп, жілігін шаққан "экспертсіз" - содан бастау керек. Мүлдем хабарыңыз жоқ, сіз үшін бейтаныс бағыттан бастаудың қажеті жоқ. "Мұндай бұрын болмаған, бірінші болып ашқан мен боламын, сөйтіп нарықты жаулап аламын» деп ойласаңыз – қателесесіз. Жаңа жобаларды іске қосқандар олардың идеясы теңдессіз әрі бұған дейін нарықта іске асырылмаған деп қателеседі. Сондықтан алғашқы тәжірибе қарапайым болса да бизнесте сынақтан өткен дүние болу керек. Мәселен, жай ғана, сатып ал да сат. Бұл біліктілік пен кәсіби дағдыны шыңдауға керек.

- Тілші: Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік ортаға бейімдеу, үшін қандай қадамдар жасау керек деп ойлайсыз?

- Эмин Әскеров: Ең бірінші, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта қалыптастыру керек. Мәселен, көру қабілетінен айырылған зағип жандар болса – оның жұмыс жасай алуы үшін арнайы орта болуы керек. Жұмысқа орналасқысы келетін мүгедек жандардың сұранысы мен қажеттілігі басты назарға алынуы тиіс. 
Әлеуметтік осал топтағы азаматтар көбінесе біліктілігі жоқ кадрлар екенін түсінуіңіз керек. Ең жақсы дегенде, олардың көпшілігінде арнаулы орта білімі ғана болады. Біз оларды оқытуға және әрқайсысына жеке тәсілді қолдануға көп уақыт пен ресурс жұмсаймыз. Сонда нәтиже болады. 

Өзгелердің жаңалығы