Абай-175: Аспапта орындаушы балалардың байқауы өтеді

8 Ақпан 2020, 09:46
2101
Бөлісу:
Абай-175: Аспапта орындаушы балалардың байқауы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл жөнінде "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы мен "Бозторғай" қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою барысында белгілі болды. Республикалық байқау ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтпек.

"Қазақконцерт" еліміздегі ең ірі музыкалық ұйым ретінде әрдайым жас таланттарды қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда. Биыл дарынды балалардың музыкалық шығармашылығын  насихаттау мен қолдау мақсатымен "Бозторғай" қоғамдық қорымен бірлесіп үлкен жобаны қолға алмақшымыз. Бұл – балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық вокалистер мен аспапта орындаушылар байқауы. Аталмыш байқау қазақстандық мәдениет кеңістігіндегі елеулі жобалардың бірі болмақ. Қазақконцертте еліміздің атақты әншілері мен кәсіби орындаушылары еңбек ететінін ескерсек, талантты жасөспірімдер тек өз шығармашылығын ортаға салып қана қоймай, танымал өнер жұлдыздарынан тәлім алып, шеберліктерін шыңдай алады. Бұл байқау жас дарындардың музыкалық өнер әлеміне басқан алғашқы маңызды қадамдарының бірі болмақ, - деп атап өтті "Қазақконцерт" МКҰ директоры Жеңіс Сейдуллаұлы.

женис.jpeg

Ұйымдастырушылар мәлімдегендей, байқау Абайдың 175 жылдығы аясында осы жылдың күз мезгілінде өтеді.

Жиырма жылдан астам уақыттан бері өткізіліп келе жатқан "Бозторғай" жобасы балалар шығармашылығын дамытуға, дарынды бүлдіршіндерді анықтауға арналған. Жыл сайын біздің байқауларда Қазақстанның түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелден 1000 астам жас дарындар қатысады. Қаншама талантты өнер жұлдыздары осы "Бозторғай" байқауында бақтарын сынап, өнер жолында биік жетістіктерге жете білді. Олардың қатарында: Димаш Құдайберген, Алишер Каримов, Әділхан Макин, Динара Султан, Әміре, Мархаба Саби, Ержан Максим және т.б. Биылғы байқаудың Елорда төріндегі "Қазақстан" ОКЗ-да өтетіні бізді ерекше қуантады, - деп мәлімдеді "Бозторғай" ҚҚ директор Қарлығаш Әбдікәрімова.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық вокалистер мен аспапта ойнаушылар байқауы үлкен гала-концертпен аяқталып, қатысушылар мен барша өнер сүйер қауым үшін нағыз музыкалық мереке болмақ. Ұйымдастырушылар байқаудың ережесін "Қазақконцерт" МКҰ сайтында жариялап, облыстық мәдениет басқармаларына жібереді.  

 

Өзгелердің жаңалығы