Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Университеттерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін мақсатты капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы заң жобасын әзірлеген жөн. Ғылымды қаржыландыру көздерін көбейтуге, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріске жұмсайтын қаржысының 1 пайызын ҒЗТКЖ-ға міндетті инвестиция ретінде құюына айрықша назар аудару қажет. Бұл ретте өндіруші компаниялардың аталған шығындарын орталықтандыруды жалғастыру керек. Бұл орайда аталған қаражат тағы бір салық түрі ретінде қабылданбауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Осы орайда жер қойнауын пайдаланушылар, соның ішінде «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландыратын зерттеулерді ғылыми-техникалық саясаттың басымдықтарымен үйлестіру үшін тиісті шаралар қабылдау қажет. Олардың ҒЗТКЖ жүргізу тәртібін жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары үшін ашық, бәсекелі әрі қолжетімді ету керек. Барлық процесс мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өткізіліп, ғылыми-техникалық кеңестерде қаралуға тиіс, - деді ол.
Ол көптеген ғылыми мекеменің материалдық-техникалық жағдайы мәз емес екенін айтты.
Қазір көптеген ғылыми мекеменің материалдық-техникалық жағдайы мәз емес. Тіпті нашар деуге болады. Ғалымдардың жалақысы төмен. Сол себепті кейбір дарынды ғалымдарымыз шетелдің ғылыми орталықтарында жұмыс істегісі келеді. Мұны ашық айтуымыз керек. Сондықтан негізгі ғылыми-зерттеу институттарын бюджеттен тікелей қаржыландыру қажет. Олардың инфрақұрылымы жаңғыртылып, заманауи зертханалар салынуға тиіс. Ғылыми зерттеу институттарының жұмысы қаншалықты тиімді екеніне талдау жасау керек. Жас ғалымдар онда ықыласпен жұмыс істеуі үшін жағдай жасау қажет, - деді ол.
Мемлекет басшысы мемлекеттік ғылыми мекемелерге және жоғары оқу орындарына осы жұмысты мемлекеттік сатып алу талаптарынан тыс жүргізуге мүмкіндік берілуі қажет екенін айтты.
Сондай-ақ ұжымдық зертханалардың әлеуеті зор. Онда әртүрлі ғалымдар мен ғылыми ұжымдар бірлесіп жұмыс істей алады. Мен ғылыми инфрақұрылымды грант арқылы қаржыландырудың жаңа тәсілін енгізу қажет деп санаймын. Сол арқылы алынған құрал-жабдықты пайдалану құқығы басқа да ғылыми мекемелерге берілуге тиіс. Мемлекеттік сатып алуға қатысты нормалар нақты жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіріп отыр. Мұнда да қағазбастылық, бюрократия бар. Бұл жағдай ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың мерзіміне және сапасына кесірін тигізеді. Мемлекеттік ғылыми мекемелерге және жоғары оқу орындарына осы жұмысты мемлекеттік сатып алу талаптарынан тыс жүргізуге мүмкіндік берілуі қажет, - деді Президент.