Несиесін төлей алмай жүргендерден онлайн-офлайн бәс тігуді қабылдауға тыйым салу ұсынылды

12 Сәуір 2023, 15:22
781
Бөлісу:
Несиесін төлей алмай жүргендерден онлайн-офлайн бәс тігуді қабылдауға тыйым салу ұсынылды
Фото: Егемен Қазақстан

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов 3 айдан астам уақыттан бері несие төлей алмай жүрген тұлғалардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салу керек деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат келтірген мәліметке сәйкес, құмар ойынға әуестердің казино мен букмекерлік компанияларға жұмсайтын қаражат көлемі жаға ұстатады.

2022 жылы құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі 553,6 млрд теңгені құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 52 млрд теңгеге артып кеткен және 2020 жылмен салыстырғанда 6,2 есеге (89,7 млрд теңге) жоғары.

Құмар ойындардың зынданына түскендердің күн санап артып бара жатқанын ескере отырып, біз Үкіметтен нақты іс-шараларды жедел түрде қолға алуын талап етеміз, - деді Әшімжанов.

Депутат букмекерлік кеңселерге банкрот деп танылған тұлғалардан және қолданыстағы несие бойынша 3 айдан астам уақыттан бері төлем жасай алмаған тұлғалардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салу керек екенін айтты.

Қаржы пирамидаларын, онлайн-казиноларды және басқа да қауіпті құмар ойындарды жарнамалауға толық тыйым салу туралы қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу керек. Сонымен бірге елде тыйым салынған, бірақ соған қарамастан интернетте кездесетін электронды казинолардың жарнамалық қызметін бақылауды күшейту қажет, - деп ұсынды Мәжіліс депутаты.

Әшімжанов супермаркеттер мен қоғамдық орындарда самсап тұрған «Lotomatic» секілді әртүрлі лотерея терминалдарын орнатуға және лотерея билеттерін таратуға қатаң тыйым салу керегін де қоса кетті.

Сондай-ақ жетекші теле-радио арналар мен интернет-порталдарда құмар ойынды насихаттайтын жарнаманың барлығына сыйым салу керек.

Өзгелердің жаңалығы