Президент БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің бас директоры Гада Валиді қабылдады

22 Қараша 2021, 19:01
1420
Бөлісу:
Президент  БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің бас директоры Гада Валиді қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің бас директоры Гада Валиді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті елімізге сапармен келген БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің бас директоры, БҰҰ  Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Гада Валиді қабылдады.

Кездесу барысында заңсыз есірткі айналымына, ұйымдасқан қылмысқа, жемқорлыққа, терроризмге, сондай-ақ кибер қылмысқа қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Президент  БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің бас директоры Гада Валиді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның халықаралық істердегі негізгі рөлін атап өтіп, Қазақстанның дүниежүзілік ұйыммен орнықты даму, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету салалары бойынша тығыз іс-қимылдарды жалғастыруға мүдделі екенін нақтылады. Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының аймақтағы, әсіресе Ауғанстандағы қазіргі ахуалға қатысты жүргізіп отырған белсенді қызметіне қолдау білдірді.

Қазақстан Президенті БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Орталық Азия үшін 2022-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасының қабылдануын құптады. Аталған бағдарлама табысты ынтымақтастықты одан әрі жалғастырудың берік негізін қалайды.  

Президент  БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің бас директоры Гада Валиді қабылдады

Гада Вали елімізде жүргізіліп жатқан, оның ішінде құқық қорғау жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформаларды жоғары бағалады. Сондай-ақ, Ауғанстаннан БҰҰ қызметкерлерін эвакуациялауға және оларды Алматы қаласында орналастыруға көмек көрсеткені үшін елімізге алғыс білдірді.

Өзгелердің жаңалығы