Президент БРИКС саммитінде ШЫҰ-ның рөлі артып келе жатқанын атап өтті

24 Тамыз 2023, 16:30
894
Бөлісу:
Президент БРИКС саммитінде ШЫҰ-ның рөлі артып келе жатқанын атап өтті
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15-ші БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан мемлекеттер басшыларының «БРИКС Плюс» диалогы отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінгі саммит БРИКС-тің рөлін елеулі түрде күшейтіп, ашық диалог пен өзара түсіністік негізінде жаһандағы көптеген өзекті мәселені шешуге көмектесе алады. Бұл саммит халықаралық аренадағы жағдай шиеленіскен кезеңде өтіп жатыр. Оның сипаттары саяси қысым жасаудан, конфронтациядан және жаппай санкция салудан көрінеді. Сондықтан мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде өңіраралық ынтымақтастықтың перспективасы мен ортақ мүдделері туралы көзқарасымызды жеткізгім келеді, - деді Президент.

Ол Үндістанның Премьер-министрі Модиді Айдың Оңтүстік полюсіне таяу жерге үндістандық ғарыш аппаратының сәтті қонуымен құттықтады.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, Үндістанның Премьер-министрі Модиді Айдың Оңтүстік полюсіне таяу жерге үндістандық ғарыш аппаратының сәтті қонуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – тарихи уақиға, - деді ол.

Президент бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеу керек екенін айтты.

Қазақстан, Ұйымның негізін қалаушылардың бірі ретінде, өзінің төрағалық ету кезеңінде ШЫҰ-ны алдымыздағы сын-қатерлерге төтеп беретін анағұрлым тиімді алаңға айналдыруды көздеп отыр. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы көпжақты қарым-қатынасты және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда мол тәжірибе жинады. БРИКС пен ШЫҰ-ға ортақ мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, мен мынадай негізгі бағыттар бойынша күш біріктіруді ұсынамын. Біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек. Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтердім. Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған, - деді Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы