Президент «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевты қабылдады

4 Наурыз 2022, 16:09
1309
Бөлісу:
Президент «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевты қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Мемлекет басшысына холдингтің былтырғы атқарған жұмыстары мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы ақпарат берілді. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, 2021 жылы 37 ірі жобаға 533,2 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген және 7 жоба іске қосылған. 57,4 мың шағын және орта бизнес субъектісіне 2,2 триллион теңге көлемінде қаржылай көмек берілген. Сонымен қатар отандық тауар экспорттаушыларды қолдау үшін 236,8 миллиард теңге бөлінген.

Президентке ұсынылған мәліметтерге сәйкес агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында жалпы құны 464,2 миллиард теңге болатын 26 мыңнан астам қарыз берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2021 жылы 130 мыңға жуық отбасының баспана сатып алғаны немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартқаны жөнінде баяндалды. Сонымен қатар биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша 458 мың салымшы 1,97 триллион теңгеден астам қаржы көлемінде біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған.

Қанат Шарлапаев Мемлекет басшысының «Қазақстан даму банкі» акционерлік қоғамын реформалау және оның менеджмент құрамын өзгерту жөнінде берген тапсырмаларының жүзеге асырылуы туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевқа микро және шағын кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтары үшін пәтер жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тетігін енгізу жөніндегі холдингтің биылғы жылға арналған жоспары туралы мәлімет берілді. Кездесу барысында жұмыс орындарын ашуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту мәселесі де талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы