Президент бастамаларын жастар да қолдайды

1 Қыркүйек 2022, 17:18
1243
Бөлісу:
Президент бастамаларын жастар да қолдайды
Фото: автордан

 Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы, белсенді жас Райбек Сағадатов Президенттің бүгінгі Жолдауында өзекті мәселелер қозғалғанын, оның ішінде білім алушыларға барынша қолдау көрсету туралы айтқан тапсырмалары көңілінен шыққанын атап өтті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы  BAQ.KZ тілшісі.

 Бүгінгі Жолдауда біз бірнеше жауапкершілікті байқадық. Біріншіден, Президент бюджетті жоспарлаған кезде әрбір өңірдің халқы сол тұрғылықты жердің әлеуметтік жағдайын, инфрақұрылымын дамытуға үлес қоса алатынын жеткізді. Сәйкесінше, бюджеттің 10 пайызын жоспарлауға халық қатыса алады. Бұл айтылған міндет азаматтық бастама ретінде және осыған дейінгі саяси реформалардың логикалық жалғасы іспеттес, — дейді ол. 

Оның айтуынша, алдағы жылдары жоғары оқу орындарында жастарға жеңілдетілген несие беріледі. Техникалық білім беретін колледждерде студенттерге қаржы бөлінетін болады. Ол қаржыны қалай үнемді жұмсау керектігін студент өзі шешеді. Яғни, бұл жерде кадрларды дайындаудағы жауапкершілік басты назарға алынып отыр. Бұл жерде айта кету керек, бүгінде елімізде техникалық салаларда еңбек ететін жастардың саны аз. Оның ішінде өз ісіне берілген, сауатты, жан-жақты жас мамандар санаулы. 

Сондай-ақ Жолдауда Президентіміз келер жылы жүз мың жастың жұмысқа орналасуына жағдай жасау керектігін айтты. Бүгінде елімізде демографиялық ахуал өте жақсы, бірақ еңбек нарығында жұмыс орындары шектеулі. Осыған байланысты жұмыс орындарын ашу — өте өзекті мәселенің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағыттағы жұмыстарға нақты тапсырма беруі жастарға қамқорлығы деуге болады, — дейді Р.Сағадатов. 

Референдумда айтылғандай, жер, су ресурстарының барлығы — халықтікі. Сондықтан 2024 жылдан бастап осы ресурстардан түскен қаржы әрбір баланың жеке есепшотына түсіп тұратын болды. Кез кезген бала ол қаржыны 18-ге толған соң өз қажетіне, атап айтсақ, білім алу немесе тұрғын үй сатып алуға жұмсайтын болады. 

 Негізінен, бүгінгі Жолдауда айтылған маған ұнаған осы реформалар болды. Жалпы бұл Жолдау — бұған дейінгі саяси реформалардың жалғасы. Президент айтқандай, айтылған реформалардың барлығы бірден емес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Сондықтан бұл тапсырмаларды орындауда халықтың қолдауы маңызды. Оның ішінде жастардың ел Президентінің айтқан басты міндеттерін орындауда бірігіп, жұмыла еңбек етуі қажет-ақ. Сол үшін белсенді жас ретінде барша ел жастарын осы Жолдауда айтылған реформаларды іске асыруда еңбек етіп, оған үлес қосуға шақырамын, — деді ол.   

Өзгелердің жаңалығы