Президент Алматы қаласының қоғамдық көлік жүйесімен танысты

1 Маусым 2023, 16:30
909
Бөлісу:
Президент Алматы қаласының қоғамдық көлік жүйесімен танысты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Алматы қаласының қоғамдық көлік жүйесімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президент «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС басқаратын ONAY электронды билет сату жүйесімен және Алматы қаласындағы қоғамдық көліктерді диспетчерлік басқару орталығының жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысына қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін енгізу және бүкіл үдерісті автоматтандыру нәтижесінде жолаушы тасымалы саласында көлеңкелі ақша айналымы айтарлықтай азайып, көлік кәсіпорындарының табысы бірнеше есе артқаны жөнінде баяндалды.

2016-2022 жылдары аталған саланың жылдық қаржы айналымы 2,7 есе, яғни 10 миллиард теңгеден 26,8 миллиард теңгеге дейін өсті. Осы жылдары қоғамдық көліктердің саны мен сапасы артты. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің уақыт тәртібін сақтауы 95 пайызға дейін жеткен.

Президент дамыған қоғамдық көлік жүйесі сапалы қала тіршілігінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы саланы одан әрі реформалаудың маңыздылығына, жолаушылар тасымалының сапасы мен жайлылығын үнемі жетілдіру қажеттілігіне назар аударды.

Өзгелердің жаңалығы