Премьера. Астанада "Ләйлі-Мәжнүн"

21 Ақпан 2019, 14:38
3495
Бөлісу:
Премьера. Астанада "Ләйлі-Мәжнүн"

Астана, BAQ.KZ. Қ. Қуанышбаев  атындағы  Мемлекеттік  академиялық қазақ музыкалық драма театры көрермен назарына кезекті жаңа премьерасын ұсынады. 27-28 ақпан күндері, сағат:19.00-де әзірбайжанның ұлы ақыны, ойшыл Гәнжауи Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн»  поэмасының премьерасын өткізеді.

Спектакльдің режиссері – Тәжікстаннан арнайы шақыртылған танымал драматург, режиссер,  театр және кино актері – Барзу Абдраззаков. Оның сахналық қойылымдары Халықаралық театр фестивалдерінде талай мәрте биік тұғырдан көрінген. Спектакльдің қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов.

Шығыста аса танымал болған Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» атты дастаны Арабтың узра тайпасының аңыздарының негізінде туған ұлы махаббат тақырыбын жырлайды.

Поэманың оқиға желісі: Араб елінде бір перзентке зар болған дәулеті асқан бай Алладан жатса-тұрса бала сұрайды. Тілегі қабыл болып, бір ұл көреді. Каис ер жеткенде Ләйліні көріп, ғашықтықтың торына шырмалады. Қыздың сұлулығына қайран қалған жігіт есінен танып, ақылынан адасады. Әкесі Ләйліні басқа адамға қосады. Мұны естіген ғашық жігіт жапан түзді кезіп кетеді. Сөйтіп, Каис «Мәжнүн» аталады. Елден жырақ кеткен Мәжнүннің көкірегі толған ащы шерді ұшқан құс пен жортқан аңнан басқа ешбір жан түсінбейді. Жапа шегіп, жаны күйзелген Мәжнүн Ләйлінің өлгенін естігенде есінен танады. Сүйгеніне қолы жетпей бұл өмірден ол да өтеді. Кейбір ғалымдар «Ләйлі – Мәжнүн» жырын сопылық поэзия үлгісінде жазылған, символдық мәні терең жыр деп таниды. «Мәжнүн» сөзі «есінен адасу» мағынасын беріп, Ләйліге деген махаббат Аллаға ғашықтықтың символы ретінде берілген дейді зерттеушілер.

Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» атты әлемге әйгілі поэмасының негізінде алғаш рет Қаллеки театрында сахналанатын спектакльде режиссердің шешімі бойынша бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген театр артистері - Дәруіш рөлінде – Е.Нұрымбет, Ләйлі – И.Әбенова, А.Серкебаева, Мәжнүн – О.Жақыпбек, ибн-Салам – Ж.Оспанов, Мәжнүннің әкесі ҚР еңбек сіңірген артисі Қ.Қыстықбаев, Мәжнүннің анасы – ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты А.Нөгербек, Ләйлінің анасы –Б.Мақсұтова, З.Қарина, Ләйлінің әкесі – М.Қайсанов, сондай-ақ, спектакльде Н.Есен, А.Жетпісбаева, Е.Айтмұқашев, Е.Жанпейісов сияқты жас артистер ойнайды.
Өзгелердің жаңалығы