Премьер-министр суды тиімді пайдалануға қатысты бірқатар тапсырма берді
24 Мамыр, 11:20 394

Премьер-министр суды тиімді пайдалануға қатысты бірқатар тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді. 

Оның айтуынша, суармалы суды тиімді бөлудің маңызы зор. 

Каналдар мен су қоймаларының меншік иелері өз міндеттерін нақты орындайтын болса, жөндеу жұмыстарына және су ресурстарын басқаруды жетілдіруге мемлекеттік қолдау шараларымен ынталандыру маңызды. Әкімдіктер суды көп қажет ететін дақыл алқаптарын қысқарту үшін фермерлер арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Суармалы суға тарифті қайта қарап, оны барынша ұқыпты пайдалануды қамтамасыз ету аса маңызды, - деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ ол бірнеше мәселені алға тартты.  

Бірінші, Экология, Сыртқы істер министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, су дипломатиясы бойынша нақты позицияны әзірлесін. Сондай-ақ оны үкіметаралық комиссия аясында елдің мүддесін ескере отырып, ілгерілетуді қамтамасыз етсін. Екінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, суару тәсілдеріне қарай су беру қызметтерін өтеу бойынша субсидияларды саралау мәселесін пысықтасын, - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол ведомстволарға су көлемінің ақысын қарастыру қажеттігіне тоқталды. 

Үшінші, Ұлттық экономика министрлігі Ауыл шаруашылығы және Экология министрліктерімен бірлесіп, суармалы жерлердің 1 гектарына емес, суаруға кеткен судың көлемі үшін ақы енгізу мәселесін пысықтасын. Бұл суды тиімді пайдалануға ықпал етеді, - деді Премьер-министр. 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...