Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары бойынша инфляциялық қысымды төмендетуге қатысты тапсырмалар берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бәсекелестік күннен күнге күшейіп келеді. Бос әңгімені доғаратын уақыт келді. Нақты іспен айналысу керек: ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып, барлық салаға жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қаржылық тәртіпті қатаң сақтап, мемлекет қазіргідей бәріне бірдей емес, шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана қолдау көрсететін әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру керек, - деді Бектенов.
Бұдан бөлек, Олжас Бектенов тарифтік саясат болжамды болуы және инфляцияны тежеу міндеттерімен үйлесуі тиіс екенін мәлімдеді. Тарифтер мен бензин бағасына жарияланған мораторийдің аяқталуына байланысты, ол бейінді министрліктерге бұл бағалардың жалпы инфляция деңгейіне айтарлықтай әсер етпеуі үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ, Премьер-министр нарықтарды демонополизациялау және азық-түлік, отын, көлік пен коммуналдық қызмет көрсету салаларында антимонополиялық бақылауды күшейту жұмыстарын жалғастыруды бұйырды.
Өнеркәсіп министрлігіне бір ай мерзімде металлургия мен химия өнеркәсібін қолдау, өнім түрлерін кеңейту және өндіріс қуаттарын жүктеу бойынша шаралар әзірлеу тапсырылды.
«Самұрық-Қазына» қорына бірқатар министрліктермен бірлесіп, отандық металлургия кәсіпорындарының жұмысын қамтамасыз ету үшін импорттық шикізат іздестіру және тарту жүктелді.
Энергетика министрлігіне Атырау облысындағы полипропилен өндіру зауытының жобалық қуаттылығына шығуын қамтамасыз ету, ал Өнеркәсіп министрлігіне 2026 жылы кемінде төрт басым химиялық жобаны уақтылы іске қосу тапсырылды.