Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Маңғышлақ-Ақтөбе» пойызының жүк вагонында шыққан өрттен зардап шеккендерге қатысты ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли қосымша ақпарат берді.
Айта кетейік, бүгін 04.30-да Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының аумағында орналасқан № 464 айырығы ауданында №109 «Маңғышлақ-Ақтөбе» жолаушылар пойызының жүк тасымалдау вагоны жанғаны туралы ақпарат келіп түскенін хабарлаған болатынбыз.
Пойыз құрамында 10 вагон және 192 жолаушы болды. Оның ішінде 5 адам әртүрлі дәрежеде күйік алды. Зардап шеккен бір инкассатор, екі жолсерік, 1985 жылы туған «Қазпоштаның» бір қызметкері және оның 10 жасар ұлы пойыздың жүк вагонында болған. Олар түрлі дәрежедегі күйік алып, Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілді. Қазіргі таңда жағдайы тұрақты, - деді Талғат Уәли.
Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының күшімен өртенген вагон қоршалды, сондай-ақ өрттің себептері мен мән-жайларын анықтау үшін Маңғыстау облысы ТЖ департаментінің зерттеу өрт сөндіру зертханасы жіберілді.
ТЖМ-нің хабарлауынша, алдын ала болжамға сәйкес өрттің шығуына жүк вагонындағы газ баллонының жарылуы себеп болған.
Еске сала кетейік, сағат 07.19-да өрт сөндірілді, жүк вагоны толығымен жанып кетті.