Пошта жұмысы - тек хат тасу емес

Бөлісу:
Пошта жұмысы - тек хат тасу емес
PHOTO
Фото: автордан

Жыл сайын 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні тойланады. Осыған орай «Қазпоштада» 20 жылға жуық қызмет істеген пошташы Татьяна Гордиенкомен Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасты.

«Қазпоштаның» жұмысы тек газет-журнал тарату мен хат тасымалдау емес. Сонымен бірге коммуналдық төлемдер түбіртегін жеткізу, салық және басқа да әлеуметтік төлемдерді қабылдау қызметтерімен, экспресс жолданымдармен және курьерлікпен де айналысады.

Пошта жұмысы - тек хат тасу емес

– Жұмыс күніңіз қалай өтеді? Бір күніңізді баяндап берсеңіз.

– Мен жұмысқа таңғы алтыда келемін. Әр пошташының өз сөрелері бар, онда сұрыптаушылар газеттер мен хаттарды қойып кетеді. Айта кетейін, әр пошташының өзіне белгілеген аумағы болады. Сол аумақтағы үйлерге хат-хабарды таратады. Алдымен біз сөредегі газеттерді реттеп жинаймыз, хаттарды сұрыптап аламыз. Сосын журналымызға алғанымыз жайлы жазамыз. Негізі, пошташыға 5 келіден артық көтеруге болмайды. Бұрын газет-журналдың өте көп болғаны сонша, екі бөліп таситын едік. Қазір өмірімізге ақпараттық технология дендеп енгелі тұрғындар мерзімді басылымдарға жазылу да сиреген. Соған орай пошташылардың да көтеріп жүретін жүгі едәуір жеңілдеді.

Пошта жұмысы - тек хат тасу емес

– Жаяу жүресіздер, шаршап қалмайсыздар ма?

– Жоқ, жаяу жүрген денсаулыққа өте пайдалы. Бұрын мен дзюдомен айналысқандықтан, ешқандай да қиындық туындаған жоқ. Мен пошташы болып жүргеніме 20 жыл болыпты. Осы аралықта ауырып, өзімді жайсыз сезінген уақыт болмады. Көп қабатты үйлерге тапсырысты жеткізу қиынға соғатыны болмаса, жұмысқа шағымым жоқ. Бізде кейбір пошташылар велесипедпен тасиды. Жаяу жүру – адам ағзасының физикалық жағдайын жақсартатын тиімді құрал. Әсіресе, жүрек бұлшық еттерінің қалыпты жұмыс жасауына жағдай жасайды. Күнделікті күйбең тіршілікпен қанша шақырым жол жүріп, қанша қимыл-қозғалыс жасағанымызды қаперге ала бермейміз.

Пошта жұмысы - тек хат тасу емес

– Пошташы болып жүргенде қандай қызықты сәттер болды?

– Мен тұрғындарға өзімнің пошташы екенімді айтып танысамын. Осылайша, өзім хат-хабар таситын үйдегі тұрғындардың барлығымен таныс боламын. Мені автобуста, троллейбуста танып, амандасып жатататындар да бар. Бұндай жағдайда мен қуанып қаламын. Пошта қызметінің айлығы аз болса да, өзімізге жетеді. Көптеген танысты кездестіреміз. Өміріміздің жарқырап, жандануына мүмкіндік береді. Осы ретте, айта кетерлігі, пошташы болу үшін шыдамдылық пен жылдамдық, ұқыптылық пен көпшіл болу ауадай қажет.

Өзгелердің жаңалығы